Алматыда “Мерейлі отбасы“ байқауы өтті: бүкіл қала мақтан тұтатын отбасы таңдалды

Алматыда 15 мамырда Халықаралық отбасы күніне орай "Мерейлі отбасы – 2025" Ұлттық конкурсы жыл сайынғы дәстүр бойынша басталды.

Ағымдағы жылғы 15 мамыр мен 15 маусым аралығында аудан әкімдіктерінде Ұлттық конкурсқа қатысу туралы өтінімдер қабылданып, қала бойынша 250 отбасы қатысуға ниет білдірді.

15 маусым мен 30 маусым аралығында аудандық комиссия құрамы өтінімдерді қарап, 2 үздік шыққан отбасыны қалалық комиссияның қарауына жолдады.

Ұлттық конкурсқа қатысу туралы өтінім берген отбасылардың ішінен аудандық деңгейде үздік деп танылған 16 (әр ауданнан 2 отбасы) отбасының құжаттары биыл 1 шілдеде қалалық комиссия отырысында қаралды.

15 шілдеде Алматыда "Мирас" салтанат сарайында Ұлттық конкурстың қалалық кезеңінің қорытындысы бойынша 8 аудан мен Алматының жеңімпаз отбасыларын естелік сыйлықтармен марапаттау салтанатты рәсімі өтті.

Ұлттық конкурстың Алматы қаласы бойынша жеңімпазы – Дүйсебаевтар отбасы деп танылды. Дүйсебаевтар отбасы – ұстаздар отбасы.

Ұлбосын Дүйсебаева 40 жыл ұстаз болған көп балалы ана, ақжаулықты әже. Жұбайы марқұм Дүйсебаев Әбдікамал да ұлағатты ұстаз, ақын болған, 4 кітабы жарық көрген. Дүйсебаев Әбдікамалдың 5 бауыры, Дүйсебаева Ұлбосынның 4 бауыры, ата-аналары де ұстаз болған. Ұлбосын апаның әкесі Әбен Шерімбетов Мақтарал ауданындағы Қ.Сәтпаев атындағы ортамектептің тұңғыш директоры болған.

Дүйсебаевтар отбасы 9 бала, 25 немере, 9 шөбере сүйіп отырған көп балалы әулет. Қазіргі таңда Ұлбосын апаның 9 баласы да ұстаздық жолында еңбек етіп етуде, 3 немересі де атадан қалған жолды жалғастырып келеді. Әулеттің педагогикалық еңбек өтілі 501 жыл.

Биыл қыркүйек айында Отбасы күні қарсаңында Астана қаласында Ұлттық конкурс лауреаттарын дипломдармен марапаттаудың Республикалық салтанатты рәсімі өтеді. Бұл рәсімге Алматы қаласынан Дүйсебаевтар отбасы қатысады.

Алматы әкімдігі ұсынған материал