ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық дерегі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу амалдарына сай "КазСтройОпыт LTD" ЖШС басшысы консалтингтік қызмет көрсетемін деген желеумен коммерциялық ұйымдардың құрылыс жұмыстары тәжірибесін қолдан жасау схемасын ұйымдастырған. "Электрон депозитарий" жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізіліп отырған. Бұл клиенттерге мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде негізсіз артықшылықтар берген. Схема әлеуметтік желілер мен интернет платформалар арқылы белсенді түрде жарнамаланған.
Қылмыстық топ құрамына 11 адам кірген. Сонымен қатар, Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына жалған жұмыс тәжірибесін растағаны үшін заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдар анықталған.
Қылмыстық кірісті заңдастыру үшін бақылаудағы заңды тұлғалар пайдаланылып, қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Заңсыз табыс көлемі 490 млн теңгеден асқан.
Тергеп-тексеру барысында жалған жұмыс тәжірибесін алған және мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталған. Тексеріс жүргізу үшін материалдар уәкілетті органдарға жолданған.
Үш күдікті қамауға алынды, тағы сегіз адамға ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова