Алматыда мектептегі іс-шарадан соң оқушылар ауруханаға түсті

Алматыда мектептегі іс-шарадан соң оқушылар ауруханаға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаланың Білім басқармасы оқыс жағдайға пікір білдірді.

"9 ақпанда Алматы қаласындағы №199 мамандандырылған гимназияның акт залында мәдени іс-шара өткізу барысында сахналық түтін генераторы қолданылған. Оны пайдаланғаннан кейін бірнеше оқушы жөтеліп, көзінен жас ағып, жайсыздықты сезген", - деп жазылған хабарламада.

Гимназия әкімшілігі қажет шараларды жедел түрде қабылдаған: медициналық қызметкер балаларды тексеріп, жедел жәрдем шақырған.

"Алматы қаласының Балаларға арналған шұғыл медициналық көмек орталығына 12 жастағы 6 бала улану белгілерімен жеткізілді. Барлық бала токсикология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайлары орташа ауыр, тұрақты. Денсаулық сақтау министрлігінің диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес толық көлемде ем қабылдап жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Бұл оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізілген. Мектепте түтін генераторын пайдалануға жол берген педагог тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

"Ұлттық сараптама орталығының мамандары ауа сынамаларына зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижелері туралы қосымша ақпарат беріледі. Қазір гимназияда жаппай іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздік талаптары сақталуына бақылау күшейтілді. Жағдай мектеп әкімшілігі мен Білім басқармасының бақылауында", - деп жазылған хабарламада.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!