Алматыда ІІМ академиясының курсанты 17 жастағы қызды соққыға жықты деп айыпталды

Алматыда ІІМ академиясының курсанты 17 жастағы қызды соққыға жықты деп айыпталды
Фото: instagram.com/omelkomilena/

Алматыда ІІМ академиясының курсанты бұрынғы қызын ұрып-соқты деп айыпталды. Әлеуметтік желілерде жарияланған жазбада автор оқиғаның егжей-тегжейін айтқан. Полиция курсантқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Instagram-да курсант кәмелетке толмаған қызға шабуыл жасағаны туралы жазба пайда болды. Жазбаны жәбірленушінің әпкесі жариялаған. Оның айтуынша, оқиға 29 қарашада болған. Ол сіңілісі 17 жаста екенін айтты.

"Кәмелетке толмаған сіңілімді бұрынғы жігіті ұрып-соққан. Ол 17:00-де кездесуге шақырған, сіңілім көлігіне отырған. Ол телефонын сұраған, бірақ сіңілім өз заттарын ешкімге бермейді. Сол кезде агрессия басталған. Қылқындырып, шашынан тартып, жерге құлатып, қабырғасынан тепкен, басынан ұрған. Ол қашып кетуге тырысқанымен қуып жетіп, көлікке отыруға мәжбүрлеп, жібермей қойған", - деп жазылған жазбада.

Полиция жауабы

Алматы Полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілгенін хабарлады.

"Қыздың өзінен және оқиғаға қатысқан басқа адамдардан жауап алынды. Жәбірленуші ата-анасымен бірге арыз жазудан және сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартты. Көрінетін дене жарақаттары анықталған жоқ. Осы жағдайларды және қадағалаушы органның келісімін ескеріп, қылмыстық іс заңда көзделген тәртіппен тоқтатылды", - деді полиция.

Дегенмен ІІМ Алматы академиясының тәртіптік комиссиясының шешімімен оқиғаға қатысы бар курсант оқу орнынан шығарылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget