Алматыда қызды аңдыған адам оқушы болып шықты

Алматыда қызды аңдыған адам оқушы болып шықты
Фото: Видео кадры

Алматыда қызды аңдыған адам 14 жастағы жасөспірім болып шықты. Бұл туралы Алматы Полиция департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Әлеуметтік желілерде белгісіз ер адам қызға әдепсіз әрекет жасап, кейін оқиға орнынан бой тасалағаны бейнеленген видео тарады. Полиция оны ұстады. Ол ауданның 14 жастағы тұрғыны болып шықты", - деді полиция.

Полиция жасөспірімнің ата-анасы бала тәрбиесіне қатысты міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Оқушы мектепішілік есепке қойылған.

"Бұл дерек бойынша материалдар Түрксіб ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қаралады. Жасөспіріммен және оның отбасымен профилактикалық жұмыс жүргізілді, оған психолог та қатысты", - деді полиция.

Бұған дейін не белгілі?

Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғыны өзін белгісіз ер адам аңдып, кейін шабуыл жасауға тырысқанын айтты.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеода қыздың Түрксіб ауданындағы көшеде кетіп бара жатқаны көрінеді. Оның артынан ер адам біршама уақыт еріп жүріп, жан-жағына жалтақтағаны байқалады. Қыз қақпаға жақындаған сәтте ер адам артынан жүгіріп келіп, қызды қысып ұстап, артынша қашып кеткен.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget