Алматыда қыркүйектің басында кімдерге қашықтан жұмыс істеу ұсынылды?

Алматыда қыркүйектің алғашқы күндері жолдар мен қоғамдық көлікке түсетін салмақ айтарлықтай артуы мүмкін. Қала әкімдігі жаңа оқу жылы басталуына байланысты көлік жүктемесін азайту, балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар дайындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мектептерге қатысты

Оқушыларды тасымалдау мақсатында 60 мектепке қызмет көрсететін 300 мектеп автобусы жұмылдырылады. Олар 13 мыңнан аса баланы қамтиды.

1 қыркүйекте таңертең мектептердің маңында, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және ең көп жүктеме түсетін учаскелерде жол қозғалысын реттеу шаралары күшейтіледі. 470 полиция қызметкері кезекші болады.

Қоғамдық көлікке қатысты

Оқу жылының алғашқы екі аптасында қоғамдық көліктің жұмысы күшейтіледі. Қолданыстағы 3 200 автобустан бөлек, резервтен қосымша 500-ге жуық автобус шығарылады.

Қосымша көлік ең көп жүктеме түсетін маршруттарға бағытталады. Бұл желілердегі автобустар санын көбейтуге және қарбалас уақытта қозғалыс аралығын қысқартуға мүмкіндік береді.

Өзгерістер метроға да қатысты болмақ. Пойыздар саны 11-ден 13 құрамға дейін артады, соның арқасында таңғы уақытта пойыздар арасындағы интервал үш минутқа дейін қысқарады.

Жүк көліктеріне бақылау күшейтіледі

Қыркүйектің бірінші аптасында жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтіледі. Қолданыстағы шектеулерге сәйкес салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне белгіленген учаскелерде сағат 7:00-ден 22:00-ге дейін жүруге тыйым салынады. Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажет тасымалдарға бұл ереже әсер етпейді.

Қыркүйектің басында кімдерге қашықтан жұмыс істеу ұсынылды?

1-5 қыркүйек аралығында әкімдік қызметкерлерінің бір бөлігі қашықтан жұмыс істеу форматына көшеді. Алматының орталығында орналасқан ірі компанияларға, банктерге және басқа да ұйымдарға қыркүйектің алғашқы күндері қызметкерлердің бір бөлігін уақытша қашықтан жұмыс істеуге көшіру немесе жұмыс күнінің басталу уақытын өзгерту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Сондай-ақ, қызметкерлерге қоғамдық көлікті пайдалануға кеңес берілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз