Алматыда қыркүйектен бастап көліктерге жаңа тексеріс енгізіледі

1 қыркүйектен бастап Алматыда бензинмен, газбен және дизель отынымен жүретін көліктер экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексерістен өтуге тиіс. Бұл туралы A-parking мамандары мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл - міндетті техникалық байқаудың құрамдас бөлігі емес, жеке рәсім. Осы арқылы шығарынды деңгейі өлшенеді: бензинмен және газбен жүретін көліктер пайдаланған газдың уыттылығы, ал дизель пайдаланатын көліктердің түтін шығару деңгейі тексеріледі. Тексеріс ұлттық стандартқа сәйкес жүргізіледі.

"Техникалық тексерістен мерзімінен бұрын өтудің қажеті жоқ. Жаңа талап кезекті міндетті техникалық байқау мерзімі 1 қыркүйектен кейін келетін көліктерге ғана қолданылады. Көлік 1 қыркүйекке дейін техникалық байқаудан өтсе, берілген құжат белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін жарамды. Техникалық байқаудан қайта өтудің немесе осы мерзімге дейін экологиялық тексеруден өтудің қажеті жоқ", - деді A-parking мамандары.

Міндетті техникалық байқаудан бұрынғыдай кез келген техникалық байқау орталығынан өтуге болады. Ал шығарынды деңгейін өлшеуге арналған техникалық тексеріс қажет жабдықпен қамтылған аккредиттелген станцияларда ғана жүргізіледі.

Бұл ретте көлік иесі қалауы бойынша аккредиттелген станциядан екі рәсімнен де, яғни техникалық тексеріс пен міндетті техникалық байқаудан бірден өте алады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз