Алматыда қылмыс деңгейі төмендеді - Ержан Сәденов

Алматыда қылмыс деңгейі төмендеді - Ержан Сәденов
Фото: depositphotos.com

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жұмыс сапарымен Алматыға келіп, кәмелетке толмағандарға арналған жаңа колонияның жұмысымен танысты, сондай-ақ қалалық полиция департаменті мен Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылығының жеке құрамымен жедел кеңес өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Кеңес барысында Сәденов өткен кезеңдегі жедел-қызметтік қызметтің қорытындыларын шығарды, алдағы жылға арналған басым бағыттарды айқындады, полиция департаменті бастығының, Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшысы мен қызметтер мен аудандық бөлімшелер басшыларының есептерін тыңдады.

Ол Мемлекет басшысы қойған негізгі міндет – Заң мен Тәртіпті қамтамасыз ету екенін атап өтті.

"Алматы - елдегі ең ірі мегаполис. Алматылық полиция қызметкерлерінің кәсібилігі миллиондаған тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігі мен тыныштығына тікелей әсер етеді", - деді министр.

Ержан Сәденовтың айтуынша, қалада қылмыспен күресуге арналған кешенді шаралар қабылданған, бұл өз нәтижесін беріп жатыр. Қылмыс деңгейі 13 пайызға төмендеді, ал адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, ұрлық, алаяқтық, тонау, қарақшылық, қайталама қылмыс және көше қылмыстары сияқты түрлері бойынша одан да айтарлықтай азаю тіркелген.

Министр өңірлік бөлімшелер жұмысының жекелеген кемшіліктеріне назар аударып, нақты тапсырмалар берді: профилактикалық жұмысты күшейту, азаматтардың өтініштерін сапалы әрі уақытылы қарауды қамтамасыз ету, сондай-ақ ішкі істер органдарының тиімділігі мен халыққа қолайлылығын арттыратын цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастыру.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget