Алматыда КВИ жұқтырғандардың көбі вакцина алмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
16-28 маусым аралығында Алматыда коронавирус инфекциясын (КВИ) жұқтырған 352 адам тіркелген, оның 222-сі (63 пайызы) вакцина алмаған. Жыл басынан бері қалада КВИ жұқтырған 55 322 жағдай тіркелген.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2022 жылғы 24 маусымдағы бірлескен бұйрығы бойынша коронавируспен ауыратын науқастарға арналған төсек саны 135-ке дейін артқан.
2022 жылғы 29 маусымдағы жағдай бойынша инфекциялық стационарларда 48 науқас жатыр. Ауруханаға жатқызылғандардың ішінде 10 жүкті әйел бар, олар вакцина алмаған. Үй карантинінде 269 науқас бар, олардың 80 пайызы вакцина алмаған.
Ведомство мәліметінше, жұқтырғандардың арасында стелс-омикрон штамы басым. Болжам бойынша, бұл мутация бүгінде инфекцияның өсуіне әкеп соққан. Науқастарда дене температурасының жоғарылауы, жөтел, әлсіздік секілді белгілер байқалған.
Бүгінде қалада 96 вакцинация пункті жұмыс істейді, 103 егу бригадасы толық режимде жұмыс істеп жатыр.
Алматыда вакцинациядан өту үшін QazVac, Vero Cell, Pfizer секілді препараттардың дозалары бар.