Алматыда мерзімді әскери қызметке күзгі шақыру науқаны басталды. Қарулы Күштер қатарын 45 бозбала толықтырады. Олар Қонаев қаласындағы әуе шабуылдау бригадасының құрамында Отан алдындағы борышын өтейді, - деп хабарлайды 24.kz.
Қорғаныс істері жөніндегі департамент мәліметінше, биыл Алматыдан 3 мыңға тарта жігітті әскерге шақыру жоспарланған. Жартысына жуығы көктемде әскерге аттанып кеткен. Ал осы жолы тағы мың жарым азамат шақыру қағазын алады.
28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында өткен салтанатты жиында бұрын әскерге алынған сарбаздар, жауынгерлік ұрыс тәсілдерін көрсетті.
"Қазір біз 250-дей адаммен шекара әскерін жаптық. Қазір біз Қарулы Күштеріне жіберіп жатырмыз. Осыдан кейін Ұлттық Ұланға жібереміз. Сонымен біз желтоқсанның аяғына таман күзгі әскери науқанды толығымен жабамыз.
Бізде шақыртуға байланысты ешқандай проблема жоқ. Өз бетімен кетіп бара жатқандар қаншама, қанша адам шығарып салуға келген. Жастарымыздың патриоттық рухын көтеріп, Қарулы Күштердің имиджін көтеру үшін осындай шараларды өткіземіз", - дейді Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Фархат Құрманғажинов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!