Алматыда Бұқтырма көшесі мен Құлжа трактінің қиылысындағы жолайрық эстакадасында шұңқырлар пайда болған. Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары жаңадан салынған нысанда ақаулар пайда болғанын айтып шағымданған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы қалалық мобильділік басқармасы эстакада бойынша қозғалыс 2021 жылы ашылғанын, бірақ жолайрығы 2023 жылғы қазанда пайдалануға берілгендіктен, нысан 2026 жылға дейін кепілдікте екенін хабарлады.
"Асфальтбетон жабынының ақаулары гидрооқшаулағыш қабыршақтануы салдарынан пайда болды. Оның нақтылы себептерін анықтау үшін зақымданған учаске ашылады. "Bazis construction" ЖШС компаниясына кепілдік міндеттемелері аясында өз қаражаты есебінен алдағы 10 күн ішінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге нұсқау берілді", - деп жазылған хабарламада.
Басқарма өкілдері қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл учаскеге уақытша жөндеу жүргізілгенін айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!