Алматыда Pine Hill клуб үйінің үшінші қабаты сот шешімі бойынша бұзылады. Себебі құрылыс компаниясы екіқабатты ғимарат салуға рұқсат алып, үш қабат ғимарат салып тастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы Ерменсай ш/а, 7 бұрыш, 8/1 учаскедегі ТҮК-нің үшінші қабатын бұзудың басталғаны туралы хабарлады.
Тапсырыс беруші (жеке тұлға) екі қабатты үйдің құрылысына рұқсат құжаттарын алған, бірақ ол қосымша тағы бір қабат тұрғызған, бұл жоспардан тыс тексеру барысында анықталды.
Соның нәтижесінде меншік иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК 316-бабы 1, 462-бабы 3 бойынша әкімшілік шаралар қабылданды.
Басқарманың талап-арызы бойынша сот талқылауларының қорытындысына сәйкес, 2022 жылы 15 маусымда Алматы қалалық соты 3-қабатты бұзу туралы шешім шығарды.
Нысанның қабатын бұзу бүгін Әділет департаменті сот орындаушыларының қатысуымен басталды. Төменгі қабаттарға зақым келтірмеу үшін қолмен бұзылып жатыр.
"Жер учаскелерінің меншік иелері мен құрылыс компанияларын ҚР Сәулет және қала құрылысы қызметі туралы Заңның және құрылыс салуды ұйымдастыру ережелерінің бұзылуына жол бермеуге және құрылысты тек заңды негізде бастауға шақырамыз. Олай болмаған жағдайда сот сатысында істерді қараумен және кейіннен бұзудың жоғары ықтималдығымен заңнама аясында жауапкершілік қауіп төндіреді", - дейді басқарма өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!