Алматыда курьер тұрғын үй кешенінде тұрған балалар арбасына дәрет сындырып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл ақпарат Threads желісінде тарады. Желі қолданушысының айтуынша, көршісіне тапсырыс жеткізген ер адам дәлізде тұрған балалар арбасына дәрет сындырған.
Алайда кейінірек жазба өшірілген. Десе де әлеуметтік желілерде тез тарап кетті.
"Курьер туралы жазбаны өшірдім, 24 сағаттың ішінде өте көп қаралым жинады. Оны жақтап, жаны ашығандар да болды. Курьерлік компаниялар көріп, шара қолданып, жұмысшыларына жауапкершілікпен қарасын, ал адамдар тамақты неше түрлі адам таситынын көрсін деген едім. Полиция арызды қарастырып жатыр", - деді ол.
Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі редакцияға жауап берді. Полиция бұл дерек бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасы тексеріс жүргізгенін хабарлады.
"Ер адам кім екені анықталды. Қазір полиция қызметкерлері оның жүрген жерін анықтап, ұстауға бағытталған шараларды қабылдап жатыр. Нәтижесінде құқықтық баға беріліп, заңға сай жауапкершілікке тартылады", - деді полиция.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова