Алматыда Құрбан айтта құрбандық шалу үшін 14 орын бекітілген

Алматыда құрбан шалуға арналған 14 орын белгіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мүфтият өкілдері хабарлады. Биыл Құрбан айт мейрамы 28 маусымға түсіп тұр және ол 30 маусымға дейін тойланады.

Алматы қаласындағы 54 мешітте айт намазы таңғы сағат 06:00-де оқылады. Айтулы мерекенің басты ғибадаты - құрбандық шалу рәсіміне мұсылман жұртшылығы осы айт намазын оқыған соң кіріседі.

"Төрт түлік малдан тек қана қой-ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқты бір жасар қой сияқты етті болса, құрбандыққа жарайды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасар болуы керек. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етіледі. Ал, сиыр мен түйені бір адамнан жеті адам дейін бірігіп құрбан шалу мүмкіндігіне ие", - деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.

Құрбандықты qurban2023.kz арнайы сайты арқылы онлайн форматта да шалуға болады. Онлайн құрбан шалғысы келетінде аталған сайтта құрбандыққа шалынатын малды таңдап, оған қажет қаражатты сонда көрсетілген реквизиттер бойынша аударып жібере алады.

Алматы қаласында құрбандық шалуға рұқсат етілген орындар:

Алатау ауданы бойынша:
1. "Мырзахмет" мешіті. "Қарасу" ы/а, Солтүстік айналым к-сі, 15 үй.
2. "Әскер ата" мешіті. Әйгерім-1 ы/а, Бенберин к-сі, 18/4.
3. "Алғабас" мешіті. Алғабас ы/а; Ақбөпе к.,6.


Әуезов ауданы бойынша:
1. "Таугүл" мешіті. Таугүл-3 ы/а, Паримбетов к-сі, 9а.

Бостандық ауданы бойынша:
1. "Бақыткелді" мешіті. Хан-Тәңірі ы/а, Дулати, 27/11.

Медеу ауданы бойынша:
1. Алматы Орталық мешіті. Пушкин к-сі, 16.
2. "Омар ибн Әл Хаттаб" мешіті. Жуков к-сі, 136 а.
3. "Аманқұл ата" мешіті. Т.Бигелдинов к-сі, 5
4. "Фатима" мешіті. Ш.Жәнібек к-сі 148.
5. "Райымбек батыр" мешіті. Думан-1 ы/а, Хан Тәңірі к-сі, 15.
6. "Арафат" мешіті. Ибрагимова к-сі, 5 а

Наурызбай ауданы бойынша:
1. "Қалқаман" мешіті. Қалқаман-2 ы/а, Аспандияров к-сі, 84.

Түрксіб ауданы бойынша:
1. "Қайрат" мешіті. Қайрат ы/а, Сарымулдаев к-сі, 22.

Жетісу ауданы бойынша:
1. "Вайнах" мешіті. Айтықов к-сі, 1а.

"Онлайн құрбандық шалу рәсімі – "Алтын Орда" базарының маңындағы Абай ауылында орналасқан "Алтын сақа" мал базарында жүргізіледі. Қала тұрғындары "Алтын сақа" мал базарына да келіп, мал сатып алып, сол жерде құрбандығын шалуына болады. Құрбандық етін қабылдау пункттері қаланың 54 мешітінде де қойылған. Арнайы мұздатқыштар орнатылып, рефрижератор тасымалдау көліктерімен қамтамасыз етілмек. Қала тұрғындары өз үйіне жақын мешіттерге барып, құрбандық еттерін өткізе алады", - деді Алматы Орталық мешіті имамының орынбасары Руслан Қайыргелді.

Қасиетті мерекеде балаларға да назар аударылады, деп атап өтті Бостандық ауданы "Бәйкен" мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев. Алматыда Құрбан айт мерекесі келесідей аталып өтпек:
1. Алматы қаласындағы мешіттерде Құрбан айтқа қатысты мерекелік шаралар яғни, мерекелік дастарқан жаю, балаларға айттық тарату, бүлдіршіндер үшін арнайы батут құру, ұлттық ойындар т.б. ұйымдастырылады.
2. Құрбан айт мерекесіне орай, Алматы Орталық мешіті, "Бекет ата", "Мырзахмет", "Әл-Мәдина", "Абдулла", "Райымбек батыр", "Нұр-Мүбарак", "Ынтымақ" және "Мұхамед әл-Әмин" мешіттерінің аулаларына киіз үйлер құрып, жамағатқа дәстүрге сай дәм ұсынылатын болады.
3. "Нұр", "Қыстаубайұлы Манас", "Қарасай батыр", "Бақыткелді", "Әл-Хамид" "Райымбек батыр", "Қарағайлы", "Түрксіб", "Әскер ата", "Арафат", "Орбита" және "Нұр" (Ақжар) мешіттерінде мұқтаж отбасыларға айттық қоржындары таратылады.
4. Әуезов ауданында "Таугүл" мешітінің асханасында ақсақалдар мен апаларға айттық дастарқан жайылады.
5. Алатау және Наурызбай аудандары Балалар үйіне арнайы барып, балаларға айттық базарлық таратып, айт мерекесімен құттықтау ұйымдастырылады.
6. Бостандық, Түрксіб аудандары Қарттар үйіне арнайы айттық дастарқан жайып, мерекелік шара ұйымдастырмақ.
7. Әйел-қыздары секторының ұйымдастыруымен Алматы Орталық мешітінде қайырымдылық жәрмеңкесі өтеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!