Алматыда құлақтандыру жүйесі қосылады: тұрғындарға ескерту жасалды

Алматының Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына құлақтандыру жүйесі жоспарлы тексерістен өтетінін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, 24 маусымда сағат 11:00-де Медеу ауданының Мұзтау шағынауданында Mass Alert жүйесі сынақтан өткізіледі.

"Іс-шара жоспарлы түрде, құлақтандыру жүйесінің техникалық дайындығын тексеру және төтенше жағдайлар туындаған кезде халықты хабардар ету тәртібін пысықтау мақсатында өткізіледі", - деп жазылған хабарламада.

ТЖД жүйе ұялы телефондарға хабарлама жіберетінін мәлімдеді.

Құтқарушылар қала тұрғындарын сабыр сақтауға шақырып, тексеріс жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!