Алматыда көпқабатты үйлердің тұрғындары коммуналдық ақылы автотұрақты тегін пайдалана алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала әкімдігі мәліметінше, басты жаңалық: көпқабатты тұрғын үйдегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері, жалға алушылар нысан орналасқан жерден 500 метрге дейінгі радиуста өздері таңдаған бір коммуналдық ақылы автотұрақты тегін пайдалану құқығын рәсімдей алады.
Тегін пайдалану құқығы әрбір үй-жайға бір көлікке беріледі. Бұл ретте нақты автотұрақ орны пайдаланушыға бекітілмейді. Яғни таңдалған автотұрақта бос орын болған жағдайда ғана көлікті қоюға болады.
Тегін пайдалану құқығы жерасты паркингтеріне, қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған автотұрақтарға, жабық үлгідегі жерүсті автотұрақтарға (көпдеңгейлі) және механикаландырылған автотұрақтарға жүрмейді.
Автотұрақты тегін пайдалану құқығын қалай алуға болады?
Ол үшін арнайы өтініш беру қажет. Мұндай құқық қағидаларда көзделген талаптар орындалған жағдайда беріледі. Соның ішінде өтініш берушінің атына белгіленген тәртіппен тіркелген көлік болуы керек. Негізгі талаптар:
- үй-жай орналасқан жерден 500 метрге дейінгі радиуста бір автотұрақты таңдауға болады;
- бір үй-жайға бір көлік қарастырылады;
- нақты автотұрақ орны пайдаланушыға бекітілмейді.
Өтінішті 17 тамыздан бастап "Алматы паркинг" КМК-ның интернет ресурсы (almaty-parking.kz) арқылы немесе eOtinish арқылы беруге болады. Тегін пайдалану құқығы меншік иесімен бірге тұратын жақын туысына да меншік иесінің жазбаша келісімі негізінде берілуі мүмкін.
Үй-жай немесе көлік ортақ үлестік меншікте болса, тегін пайдалану құқығын алу үшін басқа меншік иелерінің жазбаша келісімі қажет.
Кімдер автотұрақ ақысынан босатылады?
Қағидаларға сәйкес азаматтардың кейбір санаттары коммуналдық ақылы автотұрақты пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады.
Олардың қатарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері, "Алтын алқа", "Күміс алқа" төсбелгілерімен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көпбалалы аналар, I немесе II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған азаматтар, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар, электромобиль иелері жатады.
Жүргізушілер не білуі керек?
Тротуар үлгісіндегі коммуналдық ақылы автотұрақтар 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Алаң ретіндегі автотұрақтардың, жерасты паркингтерінің, қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған тұрақтардың, көпдеңгейлі және механикаландырылған автотұрақтардың жұмыс режимін басқарушы ұйым белгілейді.
Коммуналдық ақылы автотұрақты пайдалану ақысы бекітілген тарифке сәйкес көліктің автотұрақта тұрған әр минуты үшін есептеледі. Тротуар үлгісіндегі коммуналдық ақылы автотұрақтарда жолаушыларды отырғызу немесе түсіру, сондай-ақ, көлікті тиеу немесе түсіру қажет болған жағдайда алғашқы бес минутқа ақы алынбайды.
Көлік бес минуттан артық тұрса, алғашқы бес минутты қосып, автотұрақта тұрған барлық уақыт үшін ақы төленеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова