- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда көпқабатты үйдің...
Алматыда көпқабатты үйдің тұрғындары бюджет есебінен күрделі жөндеу жүргізе алады
Алматыда көпқабатты үйлердің тұрғындары бюджет қаражаты есебінен қайтарымды негізде күрделі жөндеу жүргізе алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындар 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімде қайтарымды негізде үйлерін күрделі жөндеуден өткізе алады. Бағдарлама операторы - "Алматы тұрғын үй" ЖШС.
Осы бағдарламаны іске асыру барысында 2011-2022 жылдар аралығында 965 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, 907 үйде 1935 лифт ауыстырылған. 2023 жылы 100 көппәтерлі тұрғын үйге де жөндеу жоспарланған. Жөндеу жұмыстарының түрлері - шатырды, инженерлік және электр желілерін ауыстыру, кіреберіс пен қасбетті жөндеу.
Өтепов көшесіндегі №21 тұрғын үй тұрғындары былтыр 14 маусымда күрделі жөндеу жүргізуге өтінім берген, қазір барлық жұмыс аяқталған, тұрғындар қабылдап алған.
Бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар жиналыста тұрғын үйді жөндеу туралы шешім қабылдайды және тұрғындар арасынан жауапты тұлғаларды таңдайды. Осыдан кейін басқару органы (МИБ/ПИК) хаттама мен қатысуға өтінімді бағдарлама операторына Ғабдуллин көшесі, 90 "А" мекенжайына ұсынады.
"Осы құжаттар негізінде оператор жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және үйді күрделі жөндеуге қаражат бөлуге бюджеттік өтінім береді", - делінген әкімдік хабарламасында.
Толық кеңес алу үшін бағдарлама операторына хабарласуға болады: +7 (727) 390-22-09.
Сондай-ақ, қосымша ақпаратты "Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы" КММ-де Достық даңғылы, 85, 504 кабинет мекенжайы бойынша алуға немесе +7 (727) 225- 14-31 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова