- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда коммуналды төлем...
Алматыда коммуналды төлем қашан қымбаттайды?
1 қыркүйектен бастап Алматыда коммуналды төлем құны өседі. Суық су бағасы 66 теңгеге жетсе, жылу бағасы 6 пайызға өседі. Бұл туралы сала мамандары өткізген басқосуда белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Тариф құны өсуі қаладағы жылу желілерінің 57,9 пайызға, су желісінің 54,3 пайызға, кәріз желісінің 57 пайызға тозуына байланысты болып отыр. Мамандар баға көтерілсе, су мен жылу желілерінің тозуын 3 пайызға, қалған инженерлік желілердің тозу деңгейін 1,2 пайызға төмендетуге болатынын айтты.
"2025 жылы су желілерінің кем дегенде 104, сондай-ақ жылу желісінің 39 және электр желісінің 120 шақырымын жөндемекпіз. Қалалық коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысын көтеріп, білікті мамандар қатарын ұлғайтуымыз керек", - деді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрбақыт Серікбай.
Ал қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов коммуналды қызмет бағасы өсуіне байланысты 2023 жылдан бері әлеуметтік осал топтың қатарындағы адамдарға өтемақы беріліп келгенін мәлімдеді. 0,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әлеуметтік төлемді 140 мыңнан аса азамат алған.
"Өтемақыны алып жатқан азаматтарға құжат өткізіп керек емес. Ал жаңадан қосылған алматылықтар аудан әкімдіктеріне барып, қосымша алгоритм бойынша құжаттарын тапсырады, өтінім береді", - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова