Алматыда көлік жуу орнының қызметкері клиенттің көлігін ұрлап, зираттағы қоршауларды бұзған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өзбекстаннан келген 28 жастағы ер адам мас күйінде көлік жуу орнынан Lexus LX 570 автокөлігін ұрлап кеткен, кейін ол қаланы аралаған.
"Қаланы білмей, ол зиратқа кіріп кетіп, рөлді басқара алмай, бейіт қоршауларын бұзды. Ешкім зардап шекпеді, бейіттердің өзі де бүлінбеген. Мұны зират күзетшісі байқап, оқиға туралы дереу полицияға хабарлаған. Бірінші болып учаскелік инспекторлар келді. Олар қашып кетпек болған қоғамдық тәртіпті бұзушыны дер кезінде ұстады. Ер адам мас күйде болған, бұл мән-жайдың жауапкершілігін ауырлатады. Көлік иесі жол талғамайтын көлігін бамперді бояу үшін техникалық қызмет көрсету орталығына қалдырған, сырлаушылар көлікті жууды ұйғарып, жақын маңдағы көлік жуу орнына айдап барған. Сол жерден көлік жуушы К.есімді ер адам көліктің кілтін алған. Қазір ҚР Қылмыстық кодекстің 200-бабы (Автокөлікті немесе өзге де көлік құралын заңсыз иемдену) бойынша соталды тергеу басталды. Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 6-бөлігі (Көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі жүргізушінің басқаруы) бойынша әкімшілік іс материалдары жиналды", - деді Алатау аудандық полиция басқармасының басшысы Ілияс Өмірсеріков.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!