Алматыда көлігіне әдемі нөмір алғысы келгендерден көп өтініш түскен

Алматыда көлігіне әдемі нөмір алғысы келгендерден көп өтініш түскен
Фото: depositphotos.com

Алматыда көлігіне әдемі нөмір алғысы келгендерден көп өтініш түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

5 қаңтардан бастап Қазақстанда, cоның ішінде Алматыда азаматтар көлігіне мемлекеттік тіркеу нөмірін таңдай алады. Осы уақыттан бері көлік иелерінен барлығы 19 100 өтініш түскен.

Алматы қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаевтың айтуынша, енді мемлекеттік нөмір автоматты түрде ғана берілмей, азаматтар бар нұсқаның ішінен өзіне ұнаған әріп-сан комбинациясын таңдай алады.

"Мемлекеттік нөмірлердің бірнеше санаты қарастырылған. Олардың құны 10-нан 280 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін барады. Бағасы көлік иесі таңдаған сан немесе әріп комбинациясына байланысты. Мемлекеттік нөмірлерді сатып алудан түскен қаражат қала бюджетіне жіберіледі. Қазір бірдей үш саннан тұратын, басында немесе соңында нөлдері бар нөмірлерге сұраныс өте жоғары", - деді Серік Шумаев ӨКҚ-да өткен брифингте.

Қазір нөмір таңдау үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өтініш беруге болады. Алдағы уақытта бұл қызмет онлайн форматта, яғни электрон үкімет порталы және мобильді қосымшалар арқылы да қолжетімді болады.

Азамат жүйедегі қолжетімді комбинациялардан өзіне керек нөмірді таңдайды, тексерістен өтеді, қызмет ақысын төлеп, кейін өтініш береді. Алайда әдепсіз әрі жағымсыз мағына беретін комбинацияларды жасауға жол берілмейді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget