Алматыда Көк базардың 200-ге жуық сатушысы жалға алып отырған орындарының үш есе қымбаттауына байланысты наразылықтарын білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жалға алып отырған сатушылардың сөзінше, бұған дейін олар шаршы метріне бес мың теңге төлеген болса, енді бұл сома 15 мың теңгеге көтеріліп кеткен. Базар әкімшілігі жаңа ереже 1 қарашадан бастап күшіне енетінін айтыпты-мыс.
"Кеше басшылықтың баға көтерілетіні туралы қаулысы шыққаны хабарланды. Яғни олар бізбен кездеспеді, оны төлей аламыз ба әлде жоқ па ақылдасқан да жоқ. Әрине, төлей алмаймыз, себебі барлық сатушының отбасы бар, басқа да шығындары бар. Бұрын 100 мың төлеп жүрсек, енді 300 мың төлемекпіз. Ал қазір сауда азайып кетсе, ондай соманы қайдан аламыз? Жаңа баға жалға беру шарттарына сәйкес келмейді", - дейді сатушылардың бірі.
Ол өзге әріптестерімен бірге 3-4 жыл бұрын ашылған жаңа павильонда жұмыс істейді. Сатушылардың сөзінше, бұған дейін жалға беру құны өзгермеген.
Ал базар әкімшілігі жалға беру құны өзгергені туралы ешқандай хабарлама болмағанын алға тартты. Олардың сөзінше, Көк базар бұрынғы баға бойынша жұмыс істеп тұр.
"Ешкімге жалға беру құны өсті деген әңгіме айтылған жоқ. Журналистерді шақырып, жайдан жай мұндай нәрсе ұйымдастыруға болмайды ғой. Мен ешкімге ол туралы айтқан емеспін. Жаңа павильонда екінші қабатында шаршы метрі бес мың теңгеден. Ал ескі павильонда 15 мың теңге. Осы баға сақталады. Ешкімге қағаз түрінде ескерту жасалған жоқ", - дейді Көк базар әкімшілігінің өкілі Стелла Карапетян.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!