Алматыда қоғамдық көлікке міну қиындады: тұрғындар шағымын айтты

Алматыда қоғамдық көлікке міну қиындады: тұрғындар шағымын айтты
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Алматыда қоғамдық көлікке міну қиындады. Аялдамаларда автобус күткен адам көп, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Қаладағы кептеліс қоғамдық көліктің жүру кестесіне әсер етіп, жолаушылардың бір бөлігі метроға ағылған. Бірақ жерасты көлігіне сыймай қалып жатқандар да жетерлік. Діттеген жеріне уақытында жетудің амалын іздегендер такси шақыруға мәжбүр. Алайда оның бағасы да шарықтап тұр.

Алматы метросында адамның көптігінен аяқ алып жүру қиын. Пойызға міну үшін кезек күтіп, келген вагонға сыймай қалғандар да бар. Жолаушылардың айтуынша, қазір діттеген жерге уақытында жету үшін жолға әдеттегіден ерте шығуға тура келеді.

"Метроға кіргенше, жолаушылар осылай кезекте тұрады. Әсіресе таңертең және кешке адам қарасы қалың. Ал пойызға мініп үлгеру бәріне бірдей бұйыра бермейтін көрінеді. Соның салдарынан тұрғындар жұмысқа немесе сабаққа кешігеді.", – дейді жолаушы.

Күрделі жағдайға Алматы шенеуніктері де назар аударды. Олардың айтуынша, күн сайын желіге 3200 автобус шығады. Ал қоғамдық көліктің ішіндегі кептелісті жолдардағы кептеліспен байланыстырады.

"Автобустар болмауының негізігі себебі — кептелістер. Содан автобустардың қозғалыс аралығы және кестесі бұзылып жатыр. Автобус саны бүгінде азайған жоқ. Керісінше, қарбалас уақыттарда, қажет болған жағдайда қосымша автобустар желіге шығарылып жатыр. Төленіп жатқан субсидия көлемі бекітілген автобустар санына әсер етпейді", – деді Алматы қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының бас маманы Ержан Шегебаев.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget