Алматыда кимешек киген бір топ зейнеткер хиджабқа қарсылығын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматыда хиджабқа қарсы акция өтті. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желідегі парақшаларда тарады.
"Біз хиджабқа қарсымыз. Хиджаб - біздікі емес, арабтікі. Қазақ әйелінің намысы "Кимешекте" жатыр. Міне, апаларымыз бүгін екі, үш ғасыр бойы сақталған "Кимешекті" ұсынды. Бұл - ұрпақтан-ұрпаққа, қызына немесе келініне, берілетін киелі зат. Біздің "Кімешекте" "намыс, ар-ождан, қазақ әйеліне тән тазалық" бар", - дейді видеодағы әйел.
Жазбаның екінші видеосында келінге "Кимешек" кигізету дәстүрі көрсетілген.
Айта кетейік, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да мектепте хиджаб кию мәселесін көтерген еді.
"Қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты талқы тоқтар емес. Осыған байланысты, діни салаға жауапты лауазымды тұлға ретінде, өз тарапымнан түсініктеме беруді жөн көріп отырмын. Ата заңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз - зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселесі діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді. Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті - ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету. Сондықтан да мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын", - деген еді министр.
Кейін Үкімет отырысында Ғани Бектайұлына "хиджаб киюуге рұқсат бересіздер ме, жоқ әлде бермейсіздер ме" деген сұрақ қойылған болатын. Министр бұл сұраққа жауап беруден жалтарды.
"Біз бірнәрсені түсінуіміз керек. Біз бәріміз оған келістік, Конституцияда жазылған, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан Конституцияға сәйкес мектептерде өмір сүруі керек деп есептейміз", - деген еді шенеунік.
Кейінірек министр даулы мәселеге қатысты тағы да пікір білдірді. Сонымен қатар, бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстанның ұстанымын айтты.
Еске салайық, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Бағдат Самединова хиджаб киюге қатысты пікір білдірген еді.
"Біздің ата-бабамыз кезінде хиджаб жамылып, жүзін жасырған жоқ қой. Енді сол бола берсе, қажеті не сол хиджабтың. ... Хиджаб киіп жүрген қыздардың хиджабты ашып жіберген неше түрлі жағдайын көрдім. Мен соған жалпы риза емеспін. Басқа елді білмеймін, бірақ біздің қазаққа хиджаб кию үйлеспейді әрі жараспайды", - дейді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз