Сеул әкімдігі Алматыдағы кептелісті реттеуге көмектесетін бірнеше жоба ұсынды, - деп хабарлайды 24.kz.
Телеарна мәліметінше, Қазақстандық делегация Дүниежүзілік банктің шақыруымен Оңтүстік Кореяға барып, қоғамдық көлік пен ақылды технологиялар жұмысымен танысқан.
Қонақтар жүргізушісіз жүретін таксиге отырған. Сеул әкімдігінде өткен семинардың негізгі тақырыптарының бірі - Алматыдағы кептеліс мәселесін шешу. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, Қазақстандағы ірі қалада жарты миллионға жуық көлік бар, бірақ басқа аймақтардан келетін көліктерді қоса есептесе, автомобильдер саны 700 мыңға жетеді. Сеул әкімдігі өкілдері Алматы жолдарындағы кептеліс мәселесін шешуге болатынын айтты.
"Қалалық жерлердегі кептелістерді азайту үшін біз ақылды бағдаршам жүйесін құруды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл жүйе 98 қиылыста жолға енгізілген датчиктерге негізделіп жұмыс істейтін бағдаршамдарды басқарып тұр. Біз басқа жүйелерді де қарастырып жатырмыз, олардың бірі - бейнекамераларды қолдану. Яғни, автомобильдерді тану жүйесі кептелістерді азайтуға көмектеседі", - деді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Серік Байғанин.
Бұл туралы Сеул Жобалар агенттігінің атқарушы директоры да пікірін білдірді.
"Егер жолаушылар жеке көліктің орнына қоғамдық көлікті таңдаса, кептелісті азайтуға болады. Ол үшін, біз Сеулде түрлі инновацияны енгіздік. Мысалы, кез келген автобуста, метрода, таксиде жол ақысын бір картамен төлеуге болады. Әр автобустың, метро пойызының қай жерде екенін және аялдамаға қашан келетінін телефон арқылы көруге болады. Біз, сондай-ақ, жеке автомобильдердің қалалық орталықтағы кейбір аймақтарға кіруін шектейміз. Егер мұндай саясат Алматыда енгізілсе, менің ойымша, автомобиль санын және кептелістерді азайтуға болады", - деді Ли Джон Хен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!