Алматыда қазылған жолдан егде жастағы адамдар секіріп өтіп жүр

Алматы қаласының орталығында басталған жөндеу жұмыстары тұрғындардың наразылығын тудырды. Егде жастағы адамдар жол таппай, кедергілерден секіріп өтуге мәжбүр болып жүргендеріне шағым айтты. Қыс та қылышын сүйреп, тақап қалды. Жөндеу жұмысының созылуына не себеп және ол қашан бітпек? Мән-жайды Massaget.kz тілшісі анықтауға тырысты.

Әди Шәріпов көшесінің шығыс бағытында қазылған жол Шевченко көшесінен Құрманғазыға дейін созылған. Бұл аймақта Асфендияров университетінің жатақханасы орналасқан. 

Қазылған жол қала тұрғындарының өмірін қиындатқан

© Суретте: Қазылған жол Құрманғазы - Әди Шәріпов бағыты \ Нұрбол Ынтымақұлы

© Суретте: Асфендияров университетінің жатақханасы \ Нұрбол Ынтымақұлы

Жол бойындағы жөндеу жұмыстарының кесірінен жол жиегінде қалып қойған заттарды байқауға болады. Самокат жолдағы кедергілерді айналып өте алмай, қазылған шұңқырлардың бірінде тұрып қалған. Сондай-ақ супермаркет арбасы да нашар жолдан өте алмай сол жерде қалдырылған. Бұл көрініс жөндеу жұмыстарының тұрғындарға қандай қиындық туғызып жатқанын айқын көрсетеді.

© Суретте: Жолдан өте алмай қалып кеткен самокат \ Нұрбол Ынтымақұлы

© Суретте: Жол жиегінде қалған арба \ Нұрбол Ынтымақұлы

"Көлік қағып кете жаздады"

Қала тұрғыны осы жолмен жиі жүретінін айтты. Екі апта бұрын қазылған жол маңынан тіпті жұмысшылар байқалмаған. Жаңбырлы күндері бұл жер батпаққа айналып, өту де мүмкін емес көрінеді.

"Осы маңнан күнделікті өтемін. Жұмысқа баруға ең ыңғайлы жол осы. Бірақ қазылған тротуардан кейін бұл жерден өту қиындап кетті. Жаңбыр жауған күндері жол ми батпаққа айналып, амалсыз көлік жолына шығуға тура келеді. Кеше ғана бір жүргіншіні көлік қағып кете жаздады. Бұл ыңғайсыз әрі қауіпті", - дейді қала тұрғыны Марина Волкова.

© Суретте: Жолдан секіріп өтіп жатқан қала тұрғыны \ Нұрбол Ынтымақұлы

Зейнеткер Ольга Кравцева да қазылған жолдан секіріп өтуге мәжбүр екенін айтып, наразылығын білдірді.

"Денсаулығыма байланысты көп көшеге шықпаймын. Бүгін жақын маңдағы емханаға бара жатырмын. Бір ай бұрын ғана әдемі, тегіс тротуар бар еді, енді қазып тастап, жұмыс жалғасын таппай тұрғаны қынжылтады. Зейнет жасына келген біз сияқты адамдарға бұл біршама қиындық тудырады. Мүмкін жұмыс тоқтап қалғанына белгілі бір себеп бар шығар. Дегенмен мәселемізді ертерек шешіп берсе екен", - деді зейнеткер.

© Суретте: Қазылған жол Шевченко - Әди Шәріпов бағыты \ Нұрбол Ынтымақұлы

Қыс жақындап, ауа райы суыта бастағандықтан, алматылықтар жөндеу жұмыстары осылай аяқсыз қала ма деген алаңдаушылықтарын білдірді. 

"Алдағы сенбі, жексенбі күндері асфальт төселеді"

Алмалы ауданының әкімдігі "Век-Құрылыс" ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Жақын уақытта тексеріс ұйымдастырып, ертерек бітіріп беруін қамтамасыз ететіндерін жеткізді.

"Аталмыш аумақта "Век-Құрылыс" ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Объектіні тапсыру уақыты 28 желтоқсанға белгіленген. Дегенмен дәл қазір жұмыстың тоқтап тұру себептері анықталып, тиісті тексеріс жүргізіледі. Алдағы сенбі, жексенбі күндері жол тегістеліп, асфальт жабындысы төселетін болады", - делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматыда суға құлап кетуге шақ қалған жаяу жүргіншілер көпірі жайлы жазған едік. Амалы таусылған тұрғындар көпірді өз күштерімен жөндеуге тырысқан. Мәселе БАҚ өкілдерінің араласуымен сол күні шешіліп, көпір қайта пайдалануға берілді.