Алматының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері Қазақстандағы алғашқы крематорий қашан ашылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, крематорий дайындықтың соңғы кезеңінде тұр. Ол сәуірдің аяғына қарай іске қосылады деп жоспарланып отыр.
"10-15 сәуір аралығында қалалық патологиялық-анатомиялық бюро қызметкерлерін Новосібірде оқыту жоспарланған. Олар Алматыға оралғаннан кейін сәуірдің үшінші онкүндігінде крематорий ашылады деп жоспарланып отыр", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін нысанды қаңтарда ашуға уәде берілген. Алайда мерзімі шегерілді. Мұндай кідіріске нормативтік базадағы олқылықтар себеп ретінде көрсетілді. Яғни ережелерде кімді кремациялауға болады, өтініш беруге кім құқылы және дау тудыратын жағдайларда қалай әрекет ету керек деген сияқты негізгі сұрақтарға нақты жауап болмаған.
Денсаулық сақтау басқармасының жауабына сүйенсек, маңызды өзгерістер әлі қабылданбаған.
"Жоба қоғамдық талқылаудан өтіп, сараптама қорытындысын алды және қазір Әділет министрлігінде келісу сатысында тұр", - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Бұл дегеніміз құжат әлі күшіне енбегенін білдіреді. Келісу процесі аяқталмайынша, жаңа ережелер күшіне енбейді, демек нормативтік база әлі де толық емес.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова