Алматы қаласында Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген төралқа мəжілісі өтті.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, мəжіліске ҚМДБ бөлім меңгерушілері, республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстың бас имамдары қатысты.
Есепті басқосуда өкіл имамдар пəтуа беру, жамағаттың сауалына жауап жазу, діни оқу ағарту, уағыз, үгіт-насихат, діни кадр даярлау, сауат ашу, дəстүрлі емес діни бағытты ұстанатын азаматтарға жеке түсіндіру шараларын ұйымдастыру, БАҚ жəне ғаламтормен жұмыс, əкімшілік, бақылау-басқару іс-шаралары, əйел-қыздар, жастар секторының жұмысы, қайырымдылық жасау, т.б. атқарылған ауқымды іс-шаралар бағытында есеп берді.
- Есептеріңізді қарап шықтым. Жалпы нəтиже жақсы. Ілгерілеу бар. Дейтұрғанмен, əрбір тапсырманы белсенді түрде атқару қажет. Біз қоғамда аталар мен əжелер институтын дамытуымыз тиіс. Бұл қадам дін қызметкерінің жұмысына үлкен серпін береді деп санаймын.
Сонымен қатар, қоғамда отбасы құндылығын арттыруға мəн беруіміз керек. Ғаламтормен жұмысты күшейтіп, азаматтар тарапынан түскен сауалдарға дер кезінде жауап беруді тоқтатпауымыз тиіс", - деп атап өтті ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.
Мəжілісте 2018 - "Ислам жəне отбасы" жылы аясында атқарылған игі жұмыстардың да есебі тыңдалды. Кеңейтілген төралқа мəжілісінде ҚМДБ бөлім меңгерушілерінің есебін тыңдаған Серікбай Сатыбалдыұлы:
- Уағыз-насихат жұмыстары біржақты жүргізілмеуі керек. Дін қызметкерлері тіршілік пен құлшылықты үйлестіріп, үгіт жасауы лəзім. Жамағаттың құлшылыққа деген құлшынысы артса, тіршіліктегі игі нығметтерден де үміті үзілмесе, әрбір мұсылман, әрбір азамат қоғамға пайдалы болса деген мақсатпен көркем үгіт жасау қажет. Пайғамбар өсиет еткендей, мұсылман баласы мына өмір мен бақи өмірді бірдей еске алып, құлшылық пен тіршілікті құстың қос қанатындай тең ұстағаны жөн. Біз жалпы жұртқа осыны көбірек түсіндіруіміз тиіс", - деп атап өтті.
Дəстүрлі есеп беру төралқа мəжілісінде 2019 жылдың жоспары талқыланып, бекітілді. Сондай-ақ Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен "Ислам және отбасы" жылы аясында "Тәлімгер пайғамбар тағылымы" атты жаңа кітап жарық көрді. Алматыда өткен ҚМДБ төралқа мәжілісінде Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының қатысуымен бұл туындының тұсауы кесілді.
Тәлімі мен тағылымы мол туындыда екі дүниенің сардары, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак тұлғасы, ұстаздық қасиеті, үлгі-өнегесі, тәрбие беруде қолданған әдіс-тәсілдері баяндалған. Барша оқырман қауымға арналған еңбектің ұстаз бен шәкіртке, жалпы жұртымызға берер тағылымы мол.
Сонымен қатар салтанатты шарада мүфтияттан шыққан "Қайырымды жан жәннатқа жақын" кітабының да тұсауы кесілді.