Алматы соты әлеуметтік желілердегі ұсақ бұзақылық жасаған екі шетелдікке әкімшілік қамау тағайындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Медеу ауданы полиция басқармасы жанындағы бөлімде екі шетелдікке қатысты әкімшілік іс қозғалған.
"Бұл тұлғалар әлеуметтік желіде қоғамдық тәртіп нормаларын және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы талаптарын бұзатын балағат сөздер қолданғаны анықталды. Материалдар Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды. Істі қарау қорытындысы бойынша сот екі құқықбұзушыға да 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамау тағайындау туралы шешім қабылдады", - делінген полиция хабарламасында.
Қазақ қыздарына қатысты қорлайтын жарияланым Threads әлеуметтік желісінде шыққан.
Алматы қалалық полиция департаменті интернет кеңістігі жауапкершіліксіз аймақ емес екенін атап өтеді. Әлеуметтік желілердегі айтылған сөздер мен әрекеттер қоғамдық орындардағы әрекеттер сияқты бағаланады.
Полиция азаматтығына және қарым-қатынас форматына қарамастан, заң талаптарын сақтауға және өзара құрметпен сөйлесуге шақырады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz