Алматыда қаза болған 2 полицейге мемлекеттік награда беріледі

Алматыда қаза болған 2 полицейге мемлекеттік награда беріледі
Фото: tengrinews.kz

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен блокпосттағы апат кезінде көз жұмған екі полиция қызметкеріне мемлекеттік награда беріледі. Ресми құжат Ақорданың сайтында жарияланды.

***

Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, құқық тәртібін қамтамасыз етуге белсене қатысқаны үшін наградталсын:

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен

Жанғазиев Жарас Сұлтанғалиұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы;

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен

Абдықанов Дастан Маратжанұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің полицейі.

2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.Тоқаев

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 26 мамыр
№ 339

***

Еске салсақ, қайғылы оқиға 25 мамырдың таңында Алматыдағы №4 блокпостта болған. BMW жүргізушісі мас күйінде бетон қоршауға соғылып, одан кейін патрульдік полиция көлігін қаққан. Апаттан екі полиция қызметкері көз жұмды. Үшінші полиция қызметкері жансақтау бөлімінде жатыр. Ал апатқа кінәлі жүргізуші бұрын полицияда 6 жыл жұмыс істеген.

Н. Үсенова