Алматыда бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Kaisar Plaza бизнес орталығы электрон сатылымға шығарылды. Алайда сатып алушылар табылмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
7 сәуірде Kaisar Plaza бизнес орталығы аукционға 61,5 миллиард теңгеге шығарылды. Сауда-саттықты бағаны көтеру әдісімен өткізу жоспарланған болатын. Хабарландыру 2 миллионға жуық қаралым жинағанымен, бірде-бір сатып алушы табылмады.
Бизнес орталық қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияның иелігінде болды.
Айта кетейік, Kaisar Plaza - ауданы шамамен 64 мың шаршы метр болатын 9 қабатты ғимарат. Ол Желтоқсан көшесі, 115 мекенжайында орналасқан. Нысан сенімгерлік басқаруда, ғимарат ішінде әртүрлі 53 жалға алушы жұмыс істейді. Негізінен түрлі компанияның кеңселері орналасқан.
Қайрат Сатыбалды - Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Ол 2022 жылы 6 жылға сотталған еді. Тергеу мәліметі бойынша Қайрат Сатыбалды "Қазақтелекомға" 12 миллиард теңгеден аса шығын келтірген және "Көлік сервис орталығының" мүлкін талан-таражға салуға қатысы болған.
2024 жылы Kaisar Plaza бизнес орталығы оның мемлекетке қайтарған активтерінің тізіміне енді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!