Алматыда алты магистральдық көше ұзартылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту бойынша жер телімдерін сатып алуға байланысты жол-құрылыс жұмыстары және инженерлік желілерді қайта құру жүргізіліп жатыр. Ұзындығы 4,5 шақырым жоба екі учаскеге бөлінген. Жұмыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.
Биыл ұзындығы 4,3 км болатын Хмельницкий көшесін "Қайрат" шағынауданынан Талғар тасжолына дейін ұзарту және Райымбек даңғылын Жетісу көшесінен Талғар тасжолына дейін ұзартып салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған.
Сонымен қатар, биыл ұзындығы 0,6 шақырым болатын Мұқанов көшесін Райымбек даңғылынан Мақатаев көшесіне дейін ұзарту жұмыстары басталады. Осы аумақтар бойынша жобалық құжаттама әзірленіп, сараптамада жатыр.
Жер телімінің алынуына қарай Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары жүргізіледі. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 3,9 шақырым болатын 2 кезек қарастырылған. Аяқталу мерзімі - 2026 жылдың соңына дейін.
Бұған қоса, биыл ұзындығы 0,3 шақырым болатын Оңғарсынова көшесін Райымбек даңғылына дейін ұзару жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Биыл 3-тоқсанда Сайын көшесі мен Мөңке би көшесінің қиылысында жолайырықты пайдалануға беру көзделген. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Сайын көшесін Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін және Абай даңғылын Строительная көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары аяқталады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!