Алматыда қар борап тұр: қаладағы ахуал қандай?

Фото: Видео кадры

Алматыда таңғы сағат 9.00-ден бастап қар борап тұр. Massaget.kz тілшісі қаладағы ахуалға шолу жасады.

Қалада қазіргі ахуал қандай?

Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановтың айтуынша, қаланың коммуналдық қызметі көшелерді, жолдар мен тротуарларды қардан тазартуға кіріскен. Қар тәулік бойы күреледі.

"Бүгін сағат 9:00-де қалада және таулы аудандарда қар жауа бастады. Екі күн бойы қар жауып, 20 мм қар түседі деп болжанып отыр. Бұл - едәуір мөлшер, сондықтан бұл - ауқымды жұмыс. Таңертеңнен бастап коммуналдық қызмет көшелерге көктайғаққа қарсы арнайы қоспалар сеуіп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Негізгі жұмыс қар күрелген соң басталады. Біз магистралды және орталық көшелерде қар үйіндісі жасалған соң қарды шығаруға кірісеміз", - деді Алматы әкімінің орынбасары.

"Қазгидрометтің" мәліметінше, 23-24 қаңтарда Алматыда ауа температурасы -15…-20 градусқа дейін төмендейді.

Қазір жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. 152 құмсепкіш техника жұмылдырылған. 950 тонна көктайғаққа қарсы материалдар және 60 м³ сұйық реагенттер пайдаланылған.

Қауіпті жол учаскелерінде жолдың жағдайын бақылап отыратын 46 жедел топ жұмыс істеп жатқаны белгілі болды.

Магистралды көшелерді қардан толық тазалау 3 күнге, аудандық маңызы бар көшелерді тазалау 7 күнге созылады.

"Қазір жолдарда 600-ден аса арнайы техника жұмыс істеп жатыр, күндіз шамамен 1,5 мың адам жұмылдырылды. Жұмыс түнде де жалғасады, қар толық шығарылғанға дейін тоқтамайды. Тазалықты бақылау үшін аудан әкімдіктерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды", - деді Бейбіт Шаханов.

Тұрғындар мәселе туындаса қайда жүгіне алады?

Мәселелерді жедел шешу үшін тұрғындар Telegram боттарға мына сілтемелер арқылы өтіп, аудан әкімдіктеріне жүгіне алады:
1. Әуезов ауданы - https://t.me/akimatAuezov1
2. Алатау ауданы - https://t.me/akimat_alatau
3. Алмалы ауданы - https://t.me/almalyaudany/1
4. Бостандық ауданы - https://t.me/bostandykaudanyy/1717
5. Жетісу ауданы - https://t.me/obzhetysu
6. Медеу ауданы - https://t.me/medeu_audany
7. Наурызбай ауданы - https://t.me/+jD3nmPVIVrw1YWQ6
8. Түрксіб ауданы - https://t.me/turksib_audany

Ауа райы болжамы

  • 23 қаңтарға арналған болжам: кейде қар жауады, түнде температура -13…-15°C, күндіз -7…-9°C.
  • 24 қаңтарға арналған болжам: көшпелі бұлт болады, жауын-шашынсыз. Түнде -18…-20°C, күндіз -10…-12°C.

Айта кетейік, бұған дейін 22, 23 қаңтарда қалада қар жауып, көктайғақ болатыны болжанды. Қала әкімдігі Алматының коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшетінін мәлімдеді.

"Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшіп жатыр. Өндірістік базаларда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. 204 құмтаратқыш қар жауа бастағанға дейін орналасқан жерлерінде кезекші болады", - деп хабарлады бұған дейін қала әкімдігі.

Суреттер: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ал Алматы халықаралық әуежайы ауа райының қолайсыздығына байланысты әуежайдың өндірістік қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады. 

Қардың мол жаууына байланысты ұшақтарға деайсинг бойынша қызметтерді көрсетуге шектеулер енгізілді.

"Әуежайдың барлық қызметі рейстердің кешігуін мейлінше азайту және қалыпты жұмысты қалпына келтіру үшін қажет шараларды қабылдап, күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жолаушыларға ұшар алдында әуежайдың және әуе компаниялардың ресми сайттарынан рейс туралы ақпараттарды тексеруді ескертеміз", - делінген Алматы әуежайының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget