Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде қару ұрлады деген күдіктілер ұсталды

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде қару ұрлады деген күдіктілер ұсталды
Фото: ©REUTERS

Шымкентте Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қару ұрлады деген күдіктілер ұсталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті Тергеу бөлімінің басшысы Дәулеткелді Әбдіраманов айтты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Спикердің айтуынша, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы дүкендердің бірінен қару ұрлады деген үш күдіктіні ұстаған. Олардың екеуі Алматыда жалдамалы пәтерде тұрса, үшіншісі бұрынғы таныстарының үйіне келген.

Қару-жарақ дүкені тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Олар жағдайды пайдаланып, ұрлық жасап, ақша табуды ұйғарған. Күдіктілер дүкеннен қолға түскеннің бәрін алып, жасырыну үшін Шымкентке кеткен. Олар екі "Сайга" аңшылық карабині мен 70 оқ-дәріні сатып үлгерген, оларды жедел уәкілдер ұстады.

"Факт ҚР Қылмыстық кодексінің 291-бабы "Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу" бойынша тіркелді. Күдіктілердің үшеуі де Түркістан облысының тұрғындары. Қазір олар қамауда", - деп қосты Әбдіраманов.

Д. Шәріпхан