Алматыда қандай көліктер көп? – сарапшылар зерттеуі

Алматы көшелерінде қай марканың көліктері жиі кездеседі? Қымбат машиналар көбіне қай даңғылдарда көп кездеседі және электромобильдер күніне қанша шақырым жолды еңсереді? Sergek ITS сарапшылары қаладағы көлік қозғалысын зерттеп, осы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Зерттеу 2026 жылғы 16-22 қараша аралығында Алматының 18 көшесі мен магистралінде жүргізілген. Мамандар көліктердің маркасы мен моделін, шығарылған жылын, тәулігіне орта есеппен қанша жол жүретінін және қаланың әр бөлігіндегі көлік ағынының ерекшеліктерін салыстырған.

Әр бесінші көлік – Toyota

Зерттелген көлік ағынының шамамен бестен бірін Toyota маркалы машиналар құраған. Жапон брендінің үлесі – 21,4 пайыз.

Оңтүстіккореялық Hyundai мен Kia маркаларының жиынтық үлесі де осындай: Hyundai-ға 14,2 пайыз, Kia-ға 7,2 пайыз тиесілі.

Олардан кейінгі орындарда:

  • Chevrolet – 6 пайыз;
  • Nissan – 3,8 пайыз;
  • Mercedes-Benz – 3,7 пайыз.
Toyota21,4%
Hyundai14,2%
Kia7,2%
Chevrolet6%
Nissan3,8%
Mercedes-Benz3,7%

Жекелеген модельдер арасында Toyota Camry көш бастап тұр. Зерттелген көліктердің 6,9 пайызы, яғни шамамен әр он төртіншісі – осы модель. Camry зерттеу жүргізілген 18 көшенің бәрінде ең жиі кездесетін көлік болған.

Ең көп таралған бес модельдің қатарына сондай-ақ Chevrolet Cobalt (3,2 пайыз), Hyundai Elantra (2,9 пайыз), Hyundai Tucson (2,7 пайыз) және Hyundai Accent (2,3 пайыз) енген.

Қытайлық көліктердің де Алматы көшелеріндегі үлесі айтарлықтай артқан. Зерттелген көлік ағынындағы шамамен әр жетінші машина – қытайлық бренд. Олардың арасында Changan, Chery, Geely және BYD жиі кездеседі.

Жаңа көліктер арасында қытайлық маркалар алда

Көліктерді шығарылған жылына қарай салыстырғанда айырмашылық анық байқалады.

2020 жылға дейін шығарылған машиналар арасында қытайлық маркалардың үлесі бір пайыздан сәл асады. Ал 2024–2025 жылдары шығарылған көліктер арасында олардың үлесі 51 пайызға жеткен. Яғни осы екі жылда шығарылған, зерттеуге іліккен машиналардың жартысынан астамы – қытайлық брендтер.

Toyota-да кері үрдіс байқалады. 1990-2020 жылдары шығарылған көліктердің үштен біріне жуығы осы маркаға тиесілі болса, 2024-2025 жылғы машиналар арасында оның үлесі төрт пайызға да жетпейді.

Жаңа көліктер арасында Changan CS модельдер топтамасы ең жиі кездескен. Одан кейін Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson, Hyundai Elantra және Kia Sportage орналасқан.

Алматы көшелеріндегі көліктердің орташа "жасы" – 13 жыл

Зерттелген көліктердің орташа жасы шамамен 13 жыл болған. Әр бесінші машина 2005 жылға дейін шығарылған. Ал көліктердің төрттен бірінен астамы 2023–2025 жылдары өндірілген.

Ең жаңа көліктер Достық даңғылында жиі кездеседі. Мұндағы машиналардың жартысынан астамы 2021 жылы немесе одан кейін шығарылған.

Солтүстік айналма жолда жағдай өзгеше: шамамен әр төртінші көлік 2005 жылға дейін зауыттан шыққан.

Көшелердегі көліктердің түрі де бір-бірінен ерекшеленеді. Мәселен, Солтүстік айналма жолда Volvo FH және DAF XF жүк көліктері зерттелген көшелердегі орташа көрсеткіштен бес есеге жуық жиі кездескен.

Құлжа тасжолында 1990 жылдары шығарылған еуропалық және жапондық машиналар көбірек байқалады. Олардың қатарында Audi 100, Audi 80, Mitsubishi Galant және Volkswagen Passat бар.

Әл-Фараби даңғылында Tesla Model Y, Mercedes-Benz G 63 AMG, BMW X7 және Lexus LX 600 жиі кездеседі. Ал Достық даңғылында Zeekr 001, Li L9, Range Rover және Porsche Cayenne көбірек көзге түседі.

Абай даңғылы, Төле би, Розыбакиев және Жандосов көшелеріндегі көлік ағынының құрамы зерттелген көшелердің орташа көрсеткіштеріне жақын.

Қымбат көліктер қай көшелерде көп?

Зерттеуге іліккен шамамен әр отызыншы көліктің құны 25 миллион теңгеден басталады.

Осы баға санатындағы машиналар ең көп кездескен көшелер:

  • әл-Фараби даңғылы – көлік ағынының 6,5 пайызы;
  • Достық даңғылы – 6,3 пайызы.

Ең төмен үлес Саин көшесінің жалғасатын бөлігінде тіркелген – 1,2 пайыз.

Құны 25 миллион теңгеден басталатын көліктер арасында Li L9 және Toyota Land Cruiser 200 жиі кездеседі.

Ал бағасы 80 миллион теңгеден асатын машиналар зерттелген көлік ағынының шамамен 0,25 пайызын құрайды. Бұл – әр 400 көліктің біреуі.

Достық даңғылында мұндай машиналардың үлесі Саин көшесінің жалғасатын бөлігіндегіден 12 есе көп болған. Осы баға санатындағы көліктердің жартысына жуығы екі модельге – Lexus LX 600 бен Mercedes-Benz G 63 AMG-ге тиесілі.

Электромобильдер мен гибридтер көбірек жол жүреді

Электромобильдер мен сыртқы қуат көзінен зарядталатын гибридтер зерттелген көліктердің 4,5 пайызын құраған. Алайда жалпы жүрілген жолдың жеті пайызға жуығы соларға тиесілі.

Мұндай машиналар тәулігіне орта есеппен 59 шақырым жол жүреді. Ал өзге көліктердің орташа көрсеткіші – 38 шақырым. Демек, электромобильдер мен зарядталатын гибридтер күн сайын шамамен бір жарым есе көбірек жол жүреді.

2024-2025 жылдары шығарылған көліктердің шамамен әр алтыншысы осы санатқа жатады.

Зерттелген магистральдардың ішінде электромобильдер мен зарядталатын гибридтер Достық даңғылында ең жиі кездескен. Олардың үлесі мұнда көлік ағынының шамамен 10 пайызына жеткен. Әл-Фараби даңғылында бұл көрсеткіш тоғыз пайыз болған.

Қай модельдер күніне ең көп жол жүреді?

Sergek ITS сарапшылары жекелеген модельдердің тәуліктік орташа жүрісін де салыстырған. Ең жоғары көрсеткіштер тіркелген көліктер арасында қытайлық маркалар басым.

Мәселен:

  • BYD Qin EV тәулігіне орта есеппен 150 шақырымға жуық;
  • Hongqi EH7 шамамен 120 шақырым;
  • Toyota Camry орта есеппен 38 шақырым жол жүреді.
Компания мамандары кейбір модельдердің көп жүруі олардың коммерциялық мақсатта, соның ішінде такси ретінде пайдаланылуымен байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен тек жүрілген қашықтыққа қарап, көліктің қандай мақсатта қолданылатынын анықтау мүмкін емес.

Зерттеу қалай жүргізілді?

Сарапшылар 2026 жылғы 16–22 қараша аралығындағы Sergek жүйесінің деректерін пайдаланған. Әр көлік қала бойынша тәулігіне бір рет есепке алынған. Сонымен бірге зерттелген әр көшеде де бөлек тіркелген.

Машиналардың құны моделі, шығарылған жылы және нарықтағы бағасы ескеріліп, шамамен бағаланған.

Компания зерттеу нәтижелері Алматыда тіркелген барлық автокөлікті емес, сол аптада зерттелген көшелермен жүрген көлік ағынының құрамын көрсететінін атап өтті.

Зерттеуге Солтүстік айналма жол, Рысқұлов даңғылы, Саин көшесі мен оның жалғасы, Сейфуллин даңғылы мен оның жалғасы, Райымбек даңғылы, Құлжа тасжолы, Бұқтырма және Төле би көшелері, Шығыс айналма жол, Абай даңғылы, Жандосов көшесі, Назарбаев даңғылы, Розыбакиев және Сәтбаев көшелері, әл-Фараби және Достық даңғылдары қамтылған.