Алматы қаласының Полиция департаменті кәмелетке толмаған жүргізуші жол жүрісі қағидаларын бұзғанын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде Сейфуллин көшесі бойымен солтүстік бағытта Mercedes-Benz автокөлігінің қарсы жолаққа шыққаны анықталды. Бұл жағдай Тимирязев көшесінің қиылысында болған.
"Полиция жедел түрде жүргізушіні, яғни 2008 жылы туған И.А. есімді азаматты анықтады. Оның көлік жүргізуге құқығы болмаған. Кәмелетке толмаған бала Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 596-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды (Қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығу).
Оның заңды өкілі У.Г. ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша тәрбие міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп жазылған хабарламада.
Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!