Алматыда қалың қар жауып, күн суытады

Алматыда қалың қар жауып, күн суытады
Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

Алматыда алдағы күндері қалың қар жауады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауа райы болжамы

"Қазгидромет" РМК мәліметінше, 16 қаңтарға қараған түні жауған қар 17 қаңтар кешке дейін жалғасады.

  • 16 қаңтарда түнгі және күндізгі ауа температурасы -5…-7 градус шамасында болады.
  • 17 қаңтарда түнде ауа температурасы -11…-13 градусқа дейін төмендеп, күндіз -7…-9 градус шамасында болады.

Әкімдік не дейді?

15 қаңтардан бастап қаладағы барлық коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшкен. Өндірістік базаларда жүргізушілер, механизаторлар мен жол жұмысшыларының кезекшілігі ұйымдастырылған.

"Тәулік бойы 1030 арнайы техника, жеке ұйымдардың 200 техникасы, 2710 жол жұмысшысы жұмылдырылады. Аулаларды тазалау жұмыстарына 1790 жұмысшы мен 256 арнайы техника тартылады", - деді әкімдік өкілдері.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 53 арнайы техника, 244 адамнан тұратын жеке құрам кезекшілік атқарады.

Азаматтарға мынадай кеңес берілді:

  • Жүргізушілерге көктайғақ кезінде дөңгелектерін қысқыға ауыстыруға, жылдамдықты төмендетуге, қашықтықты сақтауға және шұғыл бұрылмауға кеңес берілді.
  • Тәжірибесі аз жүргізушілер мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдаланғаны дұрыс.
  • Жаяу жүргіншілерге тайғақ тротуарда барынша сақ болып, биік ғимараттардың маңына жақындамау қажет, себебі шатырдан қар түсуі мүмкін.
  • Қала тұрғындарына жолдарын алдын ала жоспарлап, жылы киіну қажет.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget