- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда қалың қар...
Алматыда қалың қар жауғаннан кейін автобустар қалай жүріп жатыр?
Алматы автопарктерінде түнгі кезекшілік ұйымдастырылып, автобустар үзіліссіз жұмыс істеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, ауа температурасының күрт төмендеуі мен 12 желтоқсанда жауған қалың қарға қарамастан қоғамдық көліктердің 91 пайызы үзіліссіз жұмыс істеді.
"Бұған дейін қалалық Мобильділік басқармасының нұсқаулығымен қаладағы тасымалдаушы мекемелер көлік құралдарын қысқы кезеңге дайындау бойынша қажет іс-шара жүргізген еді. Алайда автобустарды жолға шығару кезінде ауа райына байланысты техникалық ақаулар анықталып жатты. Сол себепті автобустардың бір бөлігі қызмет көрсетуге жарамсыз болды. Бұл ретте тасымалдаушылар тарапынан ақауларды жою бойынша қажет шаралар қабылданып жатыр. Барлық автопаркте кезекшілік ұйымдастырылып, жауапты қызметкерлердің жұмысы күшейтілді. Түнде желіге уақтылы шығу үшін қозғалтқышты бірнеше рет жылыту жүргізіледі", - делінген хабарламада.
Әкімдік мәліметіне сүйенсек, рейстердің жүйелілігіне қала бойынша болып жатқан үлкен кептелістер де әсерін тигізген. Коммуналдық қызметтер қаланың барлық аумағында қар тазалау және жолдарды тазалау жұмысын қарқынды жүргізіп жатыр.
Синоптиктердің айтуынша, бір күнде жауын-шашынның айлық мөлшерінің 28 пайызы түскен. Бүгінде Алматыда тұрақты қалалық және қала маңындағы 176 маршрут бар. Барлығы 2297 брлік автобус пен троллейбус қызмет көрсетеді. Маршруттарға "Алматыэлектротранс" ЖШС 23 жеке және 1 коммуналдық автобус паркі қызмет көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі тұрғындардан түнгі уақытта қалада жүріп-тұруды азайтуды өтінгені хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова