Алматыда қалың қар жауып, қала көшелерінен тәулігіне 9 600 текше метр қар шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазгидромет" деректеріне сәйкес тәулігіне 18 см қар жауған, бұл - қаңтардағы норманың 31%-ы. Каменскоеда 21 см, ал Медеуде 12 см қар жауған.
"Түнде көшелерді тазалау үшін 573 арнайы техника, сондай-ақ 711 жол жұмысшысы жұмылдырылды", - деп жазылған әкімдік хабарламасында.
22 қаңтарда кештен бастап 26 техника колоннасы жол полициясының патрульдік машиналарымен бірге қар күреген. 23:30-да басталған қалың қардан кейін қарды қайта сыпыру таңғы 4:00-ден бастап ұйымдастырылған.
"Күндіз 475 арнайы техника мен 1280 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Шағын көлемді техниканың 95-ін пайдалана отырып, тротуарлар, қоғамдық кеңістіктер және әлеуметтік маңызы бар нысандарға кіреберістер тазаланды. Сондай-ақ қоғамдық көлік аялдамалары мен жерүсті өткелдерін қолмен тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деп жазылған әкімдік мәліметінде.
Аудан әкімдіктерінде қар тазалау жұмыстарын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
"Қазгидромет" РМК болжамы бойынша 23 қаңтарда сағат 16:00-ден бастап тәуліктің соңына дейін қар жауады. Ауа температурасы күндіз -5...-7°С болады, 24 қаңтарда жауын-шашынсыз, бірақ бұлтты болады. Түнде ауа температурасы -18... -20°С, күндіз -12...-14°С дейін төмендейді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда екі күн қар борайтыны хабарланды. Кейінірек қала әкімдігі мәлімдеме жасады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз