Жақында танымал саясаткер, эколог Мэлс Елеусізов Алматыда 12 балдық жер сілкінісі болатынын айтқан еді. Ол қалада 1911 жылы болған жер сілкінісі қайталануы мүмкін екенін айтты. Оңтүстік астанада расымен жойқын зілзала болуы мүмкін бе? Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне профессор Әлқуат Нұрмағамбетов түсіндіріп берді.
Профессор Алматы қаласында күштi жерсiлкiну қауiптiлiгi жоғары екенi көпшiлiкке мәлiм екенін атап өтті.
"Өйткенi, Алматы қаласы сейсмикалық белсенділігі жоғары, батыста сонау Жерорта теңізінен басталып, шығысқа қарай созылып жатқан қарқынды сейсмикалық белдемге кіретін Тянь-Шань таулы аймағының солтүстік бөктерінде орналасқан. Осы жылдың 6 ақпанында Түрік жерінде екі дүркін болған жойқын жер сілкіністері осы Жерорта теңіздік белдемде орналасқан", - дейді Әлқуат Нұрмағамбетов.
Әлқуат Нұрмағамбетовтің сөзінше, Орталық Азия аумағында Алматы қаласының сейсмикалық тарихы ерекше.
"1887 жылы 9 маусымда болған 9-10 балдық Верный атаулы және 1911 жылы 4 қаңтарда болған 9-10 балдық Кемін атаулы зілзала апаттары қаланы екі рет толығымен қиратқан. Кейінгі жылдары да қала тұрғындары күші 5-6 балға дайін бірнеше жерасты дүмпулерін сезгені мәлім. Аймақта күшті жер сiлкiну қауiптiлiгi қазiр де сақталып отыр. Үздіксіз болып жатқан әлсiз сiлкiнiстер (орташа есеппен жылына 200-300) келешекте күштi сiлкiнiстердiң болу ықтималдығы жоғары екендiгiнiң кепiлi", - деп түсіндірді профессор.
Әлқуат Нұрмағамбетов табиғи құбылыстар яғни жер сілкіністері міндетті түрде сол аймақта қайталанатынын айтады.
"Бұл көпшілікке белгілі қағида. Өкінішке қарай, ғылыми тұғыдан қайталану мерзімін нақты анықтау әзірше мүмкін емес. Дегенмен, көпшілікке белгілі статистикалық әдісті қолдануға болады. Ол үшін сол аймақта ертеден, тіпті ежелгі заманнан бері болған күшті жер сілкіністер жайлы нақты тарихи деректер болуы керек. Ал, мұндай деректер әрбір сейсмикалық қауіпті аймақтар үшін жеткіліксіз, тек бүкіл Жер шары үшін белгілі. Осы деректерді жан-жақты талдай келе, мынандай қорытындыға келуге болады. Магнитудасы 7-ден жоғары, эпицентрдегі күші 9 балдан жоғары зілзала апаты сол аймақта 80 жылдан 200 жылдар арасында қайталану ықтималдығы өте жоғары. Міне, ақпарат құралдарында көптеп кездесетін 80, 100... жылдан кейін күшті жер сілкінісі қайталанады деген сөздер осыдан шыққан", - дейді профессор.
Профессордың айтуынша, табиғи құбылыстардың күшін немесе қуатын сипаттайтын арнайы шкала-кестелер болады.
"Жер сілкінісінің күшін анықтау үшін магнитуда және бал деген өлшемдер қолданылады. Магнитуда – ғылыми термин, ол жер сілкінісінің ошағынан таралған энергияның мөлшерін сипаттайды, ал бал – сілкіністің Жер бетіндегі күшін (әсерін) сипаттайды. Әрбір жер сілкінісінің бір магнитудасы бар және бірнеше (әрбір жерде) балдық күші анықталады.
Бүгінгі таңда әлемде болған ең апатты жер сілкінісінің (зілзала апатының) магнитудасы 9,5-тен, ал оның Жер бетіндегі күші 10-11 балдан аспаған. Сейсмикалық шкала-кесте бойынша 12 баллдық зілзала апаты қысқаша келесідей сипатталады:
Мұндай 12 балдық зілзала апаты әлемде осы күнге дейін болмаған", - дейді Әлқуат Нұрмағамбетов.
Зілзала апатын алдын-ала болжауға қазіргі сейсмология ғылымының шамасы жете ме?
"Іс жүзіндегі зілзала апатын алдын-ала болжау болашақ жер сілкінісінің үш параметрін нақты анықтауды қажет етеді: орны, күші, уақыты. Егер олай болмаған жағдайда ел арасында үлкен проблемалар туындау қауіптілігі бар. Қаншама халық шаруашылығына шығын болатынын немесе халық арасында алып-қашпа сөздердің туындауын есептеу қиын. Сондықтан да аталмыш параметрлерді нақты анықтауға аса жоғары талаптар қойылады", - дейді маман.
Зілзала апатын алдын-ала болжау екі кезеңнен тұрады. Бірінші - ғылыми ізденістер, екінші - практикалық немесе іс жүзінде болжау. Мәселенің күрделілігін еске алсақ, бірінші кезең ұзаққа, яғни бірнеше ондаған жылдарға созылуы ықтимал. Бұл келесі екі проблеманы шешумен байланысты.
"Міне, осы проблемалар толығымен шешілмей жер сілкінісін қысқа мерзімде болжау, яғни жоғарыда айтылған үш параметрлерді нақты анықтау мүмкін емес. Өкінішке қарай, кейінгі жылдарда бұл саладағы жетістіктерге қарамастан, мәселе жақын арада шешіледі деп айту өте қиын", - дейді профессор Әлқуат Нұрмағамбетов.
Қазақстан жеріндегі сейсмикалық қауіпті аймақтар қандай?
Төменде Қазақстан жерінде зілзала қауіпі бар аймақтар көрсетілген карта берілген. Бұл карта бүгінгі таңда осы саладағы белгілі деректерді жан-жақты талдау нәтижесінде тұрғызылған.
Басты сейсмикалық қауіпті аймақтар қатарына еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігі яғни Жамбыл, Түркістан, Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан обылыстары жатады. Әрине, бұл аймақтарда қауіптілік деңгейі әртүрлі. Сейсмикалық тұрғыдан ең қауіпті аймақ болып Алматы облысы саналады.
Күші 6 балл және одан астам сейсмикалық қауіпті аймақ Қазақстан жалпы ауданының (2,7 млн км2) 35 пайыз, ал күші 8 бал және одан астам сейсмикалық аса қауіпті аймақтың ауданы шамамен 7 пайыз.
Айта кететін жәйт, табиғи жер сілкіністерімен қатар елімізде мұнай-газ және қатты пайдалы қазбалар кен орындарын қарқынды игеру барысында туындайтын техногендік жерсілкіністері қауіптілігі де өршіп тұр. Бұл өзінше арнайы тақырып (картада бұл аймақтар бөлініп көрсетілген).
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!