Алматыда жыл сайын дәстүр бойынша Қала күніне орай ұйымдастырылатын ауқымды іс-шаралардың бірі – Алма жәрмеңкесі. Биыл атаулы жәрмеңкенің сауда орындары Қазыбек би көшесінің Панфилов пен Назарбаев көшелері аралығында орналасып, қала тұрғындары мен қонақтарын таңғы сағат 10:00-ден бастап қарсы алуда.

Биыл алма жәрмеңкесі екі күн қатарынан өтіп, онда көптеген шаруа қожалықтары алманың 50-ге жуық түрлі сорты ұсынылады. Жәрмеңкеге 200 тоннадан астам алма жеткізілген.
Алманың атасы саналатын Алматыда өтетін мерекелік алма жәрмеңкесі қала тұрғындары үшін дәстүрлі мерекелік шараға айналған. Жыл сайын жәрмеңкені асыға күтетін тұрғындар алманың түрлі сорттарының дәмін татып, отбасымен бірге уақыт өткізуді дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар, қаламызға келген ішкі және шетелдік туристер де Алматының әйгілі алмасының дәмін татуға ерекше қызығушылық танытады.

Солардың бірі, қала тұрғыны Айдана Мурат жәрмеңкені жыл сайын отбасымен асыға күтетінін айтты:
"Алма жәрмеңкесі – балаларымызбен бірге асыға күтетін дәстүрлі мерекелердің бірі. Мұнда алманың сан алуан түрін көріп қана қоймай, дәмін татып, өзімізге ұнаған сорттарды сатып аламыз. Балаларым да әр жылы жәрмеңкеге келіп, жаңа сорттардың дәмін көруге қуанады. Осындай шаралардың ұйымдастырылуы қала тұрғындары үшін де, қонақтар үшін де өте жағымды", – деді қала тұрғыны.

Жәрмеңкеге келген көптеген шетелдік туристер де шараға жоғары бағасын беріп, қала әкімдігіне алғыстарын білдіруде. Олар Алматының алмасымен танысып, жергілікті өнімдердің дәмін татуға мүмкіндік алғанына қуанышты екенін атап өтті.

Қала күніне орай ұйымдастырылған алма жәрмеңкесі екі күн жалғасып, 19-20 қыркүйек күндері 10:00-18:00 аралығында өтеді.
Алматы әкімдігі ұсынған материал
Massaget.kz