- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда қала көшелерінен...
Алматыда қала көшелерінен қырылған асфальт төсемдері Желіде қайта сатылып жатыр
Әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінен Алматы қаласындағы қырылған асфальт төсемдерінің сатылып жатқаны туралы хабарландыруды көзіміз шалды. Massaget.kz тілшісі көрсетілген нөмірге хабарласып, мән-жайды анықтап көрді.
"Бүгін түнде жеткізіп береміз"
Тұрғын ретінде сөйлесіп, бағасы мен сапасы туралы сұрадық. Өзін Бағдат деп таныстырған жүргізушінің айтуынша, бір машинаның қырылған асфальт төсемінің құны - 80 мың теңге.
"Жалпы бір машинамен 30 тонна апарамыз. Көшенің ені мен ұзындығына қарай түрліше болады. Ал бір машинаның құны - 80 мың теңге. Бірақ, біз сізге ыңғайлы, өзіңіз айтқан уақытқа бара алмаймыз. Көшені қай кезде қырады, бәлкім түнде, таңда, сол уақытта сізге хабарласып, жеткізіп береміз. Мәселен, бүгін түнде жеткізіп бере аламыз", - деді ол.
Сондай-ақ, Бағдат тек жеткізіп беруші екенін айтты.
"Себебі біз де мұны сатып аламыз. Олар хабарласқан бойда бірден жұмысқа кірісеміз. Ал асфальтты төсеу, басқа да жұмыстарды өздеріңіз істеп аласыздар. Бүгін алып қалмасаңыз, алдағы уақытта көп күтіп қалуыңыз мүмкін", - деді хабарландыру иесі.
"Жабысу сапасы жоғалып кетеді"
Техника ғылымдарының докторы, профессор Әбді Қиялбайұлының айтуынша, қалалық әкімшілік үшін жолдың төсемін ауыстыру қарапайым дәстүрге айналып кеткен.
"Ауыстырылған жол жамылғысы бір жылдың ішінде-ақ сол қалыбына келеді. Сонда әкімшілік өз мақсаттарына жете алды ма?... Бұл іспен біз 40 жылдан астам зерттеулер жүргізіп келеміз. Бірақ зерттеусіз, бақылаусыз шешім қабылдайтын әкімшілікті осы заманда ғана көріп отырмын. Бұл шешім емес, бұл есепсіз қойыртпақ қой. Бұл мәселеде кең ауқымды жоба керек. Бағдарлама нақты түйін түйетіндей деңгейде болуы тиіс", - деді профессор.
Профессор қырып алған жол жамылғысы асфальттың беткі қабатына төсеуге жарамайтынын айтты.
"Жолды қырып алғанда қайтадан оны өңдеп, бірнеше астыңғы қабатына төсеуге болады. Біздің елімізде мұндай тәжірибе жасалған. Яғни, негізгі жолдың астыңғы қабаттарына төсеген кезде шағын тастар қолданады. Бұл материалдың өзіндік құны бар, қолданысқа жарайды. Бірақ, асфальттың беткі қабатына төсеуге келмейді. Асфальт бір рет күйдіріліп, 160-165 градусқа қыздырылады. Енді оны қайта күйдіретін боласақ, оның жабысу сапасы жоғалып кетеді. Ал қырып алған жол жамылғысын сатып жатқан адамдарды заң органдары ұстап, жазасын беріп жатыр деп ойлаймын. Жалпы мұндайды заң органдары жіті бақылауда ұстауы керек, - деді Әбді Қиялбайұлы.
Еске салайық, Алматыда 2021 жылы салынған жаңа асфальт қырылып, қайта салынып жатқанын жариялаған болатынбыз.
Сондай-ақ, Алматыда тағы бүтін брусчаткалар бұзылғаны жарияланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы