Алматыда қабырғаға жазу жазған бойжеткен бес тәулікке қамалды

Алматыда бөтеннің мүлкіне өз атын жазып, белгі қалдырмақ болған бойжеткен сот алдында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі almaty.police-ке сілтеме жасап.

Оқиға кешке Назарбаев даңғылындағы "Райымбек" тұрғын үй кешенінде болған. Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ғимарат қабырғасына жазу жазған бойжеткенді анықтады.

Полиция ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, істі сотқа жолдады. Сот бойжеткенді кінәлі деп танып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Полиция тұрғын үйлердің қабырғалары, кіреберістер мен қоғамдық орындар көпшілікке ортақ екенін еске салды. Сондықтан олардың тазалығы мен бүтіндігін сақтау әркімнің міндеті. Біреуге болмашы еркелік болып көрінген әрекет өзгенің мүлкін бүлдіріп, оны қалпына келтіруге қосымша шығын әкелуі мүмкін. Мұндай әрекеттер үшін заңда жауапкершілік қарастырылған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз