Алматыда жыл басынан бері самокат пен мопед мінгендерге қатысты 300-ден аса жол апаты тіркелген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар24" телеарнасына сілтеме жасап.
Осы айдың өзінде қалада бірі самокат, бірі мопед мініп келе жатқан екі жасөспірім жол апатына түсіп, көз жұмған. Ірі қалада кептеліске тап қылмай, баратын жеріңе жылдам жеткізетін бірден-бір көлік құралы - самокат пен мопед. Оған көбіне жастар құмар. 30 тамызда шағын электромобиль құралдарды жүргізуге қатысты заң күшіне енді. Бірақ ережелерді елеп-ескеріп жатқандар бірен-саран. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жол қозғалысы туралы заңдағы өзгерістерді әлі білмейтіндер де бар. Ал кейбірі оны біліп тұрып орындамайды.
"Біріншісінде ескерту қарастырылады. Екіншісінде 3 АЕК айыппұл қарастырылған. Ескертуді бір жылдың ішінде қайта қайталайтын болса, оған айыппұл салынады және көліктер жүретін жолға шыққан жағдайда міндетті түрде шлем болуы керек. Ол болмаған жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Егер осы ескертуді бір жылдың ішінде бұзатын болса, 10 айлық есептік көрсеткіш қайталанады", - дейді мамандандырылған патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Айдос Қырғызәлі.
Сондай-ақ, самокатты бір қолмен жүргізуге болмайды. Электр құралдарымен адам алып жүруге, жүк тасуға рұқсат жоқ. Жүргізушілер жолдың арғы бетіне самокаттан түсіп өтуге тиіс. Жаяу жүргіншілер жолымен жүргенде, жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмау керек. Ал автокөлік жолымен қатынағанда, қорғаныс баскиімін киеді. Самокат пен мопедті кәмелеттік жасқа жеткен, қолында жүргізуші куәлігі бар азаматқа ғана пайдалануға рұқсат берілген.
"Біздің бірден бір мақсатымыз оларға айыппұл салу емес, түсіндіру. Күні кеше ғана 13 жастағы самокат тізгіндеген бала, 16 жастағы мопед тізгіндеген бала көз жұмған болатын. Негізі ата-аналар балаларына сақ болуға тиіс. Заң талаптарын үйдің ішінде, отбасында түсіндіру керек. Мектеп тарапынан ұстаздар да тыс қалмауға тиіс. Егер бей-жай қарап, олардың тәрбиесіне қауіпсіздігіне назар аудармайтын болса, Әкімшілік кодекстің 127-бабы бойынша оларға шара қолдана аламыз", - дейді ПД өкілі Салтанат Әзірбек.
Алматыда жыл басынан бері осындай жағдайдан 4 адам көз жұмды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!