- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда жыл басынан...
Алматыда жыл басынан бері қанша адам екпе алды?
Жыл басынан бері жұқпалы ауруларға қарсы екпе алғандар саны мен мерзімі туралы Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсел Қалыкова Massaget.kz тілшісіне жауап берді.
Қала бойынша 9 айда қызылшаға қарсы науқаспен қарым-қатынаста болған 477 адам егілген.
"Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы біріншісін 27 814 бала, екіншісін 30 995 бала алды. Оның ішінде 1 жастағы 23 595 бала және 6 жастағы 24 036 бала бар. Ал вакцинамен басқарылатын жұқпалы инфекцияларға қарсы 259 294 адамға екпе жасалды", - деді Әсел Қалыкова.
Осы уақытқа дейін профилактикалық екпелерден 1765 адам бас тартқан.
"Дені сау жаңа туған нәресте алғашқы 12 сағатта "В вирусты гепатитіне" қарсы және алғашқы 4 күн ішінде туберкулезге қарсы егілуге тиіс. 1 жасқа дейінгі бала тұрғылықты жері бойынша емханада көкжөтелге, сіреспеге, дифтерияға, полиомиелитке, В вирусты гепатитіне, гемофильді және пневмококк инфекцияларына қарсы, 1 жасында қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке, полиомиелитке және пневмококк инфекциясына қарсы, 1 жарым жасында көкжөтелге, сіреспеге, дифтерияға, полиомиелитке, гемофильді инфекцияларына қарсы егіледі. Оның айтуынша, тұрақты иммунитетті сақтау үшін бала 6 жасында қызылша, қызамық, эпидемиялық паротитке және сіреспе, көкжөтел, дифтерияға қарсы қайта егіледі", - деді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы.
Ал 16 жастан бастап барлық ересектер сіреспеге, дифтерияға қарсы әрбір 10 жыл сайын тұрғылықты мекен-жайы бойынша қалалық емханаларда егіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы