Алматыда ауыр жүк көліктерінің жүргізушілерін жаппай жұмысты тоқтатуға шақырған 41 жастағы ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған бейнеүндеуде ер адам қала жолдарындағы ауыр жүк көліктеріне қойылған салмақ шектеулеріне наразылық білдіріп, жүргізушілерді 1 қарашада жұмысты бір мезгілде тоқтатуға үндеген.
Алматы полициясы бейнежазбаның авторын анықтады. Ол 41 жастағы ер адам болып шықты.
Полицияның мәліметінше, ер адам билікпен келісілмеген жаппай наразылық шарасын өткізуге шақырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Істі қараған сот ер адамды кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!