Алматыда жұмбақ жағдайда жоғалған жігітке қатысты істің мән-жайы белгілі болды

Алматыда 25 жастағы Ерзат Егізбайдың жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК-ға" сілтеме жасап хабарлайды.

Ақпаратқа сәйкес, жас жігіт құрылыс нысанында геодезистің көмекшісі болып жұмыс істеген. Жұбайының сөзінше, оның әріптестерімен де, отбасымен де ешқандай келіспеушілігі болмаған.

19 мамыр, сейсенбі күні Ерзат әдеттегідей жұмысқа кеткен. Алайда сол күні үйіне оралмаған. Туыстарының айтуынша, күндізгі сағат 14:00 шамасында ол бастығынан дүкенге барып келуге сұранған. Бірақ кейін автобусқа отырып, Еңбекшіқазақ ауданындағы Космос ауылына қарай кеткені белгілі болды.

Дәл осы ауыл маңында оның телефоны соңғы рет желіге қосылған. Қазір ұялы телефоны сөндірулі.

Ерзаттың жарының айтуынша, ол бұрын-соңды ескертусіз үйден кетпеген. Ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, есепте тұрмайды. Қазір жоғалған ер адамды туыстары, еріктілер мен полиция іздеп жатыр.

«Ерзат Райымбек даңғылындағы метроға түскен екен. Қарама-қарсы беттен шығып, жан-жағына қараған. Бұл бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Ол біреуді іздеп жүрген сияқты көрінеді. Содан кейін автобусқа мініп, кетіп қалған. Ол ішімдік ішпейтін, темекі тартпайтын, бес уақыт намаз оқитын. Деструктивті діни бірлестіктерде жоқ. Ерзатты көрген-білгендер болса, бізге хабарласуды сұраймыз. Телефонымыз: 8 771 400 77 76», — деді жоғалған жігіттің анасы Талшы Құсайынова.

Қазір полиция кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Іздестіру жұмыстарына Алматы қалалық полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Сонымен қатар, жергілікті жерді шолып шығуға және бағдарларды таратуға «Қоғам» және «Лидер KZ» еріктілер ұйымдарының мүшелері тартылды.