Алматыда жүк көліктеріне арналған жаңа жол белгілері орнатылады

Алматыда орталық көшелердегі көлік жүктемесі азаяды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала әкімдігі мәліметінше, жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысын шектейтін жол белгілерін орнату жұмыстары басталған.

"Шектеу күн сайын сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін Саин көшесі - әл-Фараби даңғылы - Шығыс айналма автомобиль жолы (ШААЖ) - Рысқұлов даңғылы аралығындағы аумақта қолданылады. Жол белгілерін орнату жұмыстары 24 шілдеге дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал 25 шілдеден бастап барлық ұйымдастыру шарасы аяқталған соң жүк көліктерінің қозғалысына қатысты жаңа шектеулер күшіне енеді", - деді әкімдік өкілдері.

Жоба Алматы қаласы Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп іске асырылып жатыр.

Жаңа тәртіп қаладағы жол қозғалысын жеңілдетуге, қозғалысы ең қарқынды магистральдардағы жүктемені азайтуға, жол қауіпсіздігін күшейтуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!