Алматыда Hyundai Porter жүк көлігі жолаушылар автобусы мен жол талғамайтын көлікке соқтығысып, екі бірдей жол апатына себепкер болды. Оқиға Жароков пен Жандосов көшелерінің қиылысында болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 3 қыркүйек күні сағат 14:40-да болған.
"Hyundai Porter көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, бір бағытта келе жатқан Toyota Land Cruiser көлігімен және жолаушылар автобусымен соқтығысқан. Бостандық аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол апатының мән-жайын анықтауға кірісті", - деп хабарлады ведомство.
Полицияның мәліметінше, жол апатынан тек жүк көлігінің жүргізушісі ғана зардап шеккен. Автобус пен жол талғамайтын көліктегі жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ.
Еске салайық, 2 қыркүйек күні Қарағандыда жантүршігерлік жол апаты болғанын, қала ортасында 6 көлік соқтығысқанын хабарлаған едік.
Оқиға күндіз сағат 14.15 шамасында Аманжолов көшесінде болған. Жол апаты салдарынан бір адам оқиға орнында мерт болды. Тағы үш адам ауруханаға жеткізілді.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел басқару орталығының бақылау камераларынан көліктердің соқтығысқан сәті түсірілген жазбалар алынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!