Алматыда жүк көлігі қаққан 7 жасар қыздың туыстары мәлімдеме жасады

Алматыда жүк көлігі қаққан 7 жасар Айзеренің туыстары автобус жүргізушісі де жазалануын талап етіп отыр. Олардың сөзінше, автобус оқушы қызға "жол бермеген", - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

"Автобус жүргізушісі жазалануын сұраймыз. Ол өліммен аяқталған жол апатына себеп болды. Қатты жылдамдықпен жүйткіп келе жатқанынан бала қорқып, артқа қарай шегінді. Соның кесірінен қарындасым қаза тапты", - дейді марқұмның туысы Шухрат Ментеев.

Жүк көлігінің 66 жастағы жүргізушісі қамауға алынды. Ал әзірге автобус жүргізушісіне айып тағылған жоқ.

"Қылмыстық іс аясында бір емес, бірнеше сараптамалық зерттеу, соның ішінде сот автотехникалық, сот медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысы бар болуы мүмкін тұлғалар анықталып, әрқайсының іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деді Алматы ПД өкілі.

Жергілікті тұрғындар мұнда бұған дейін талай бала қыршын кеткенін айтады. Қаншама адам опат болса да, әлі бағдаршам орнатылмаған. Халық бірнеше жылдан бері елді мекенді жарып өтетін жолға бағдаршам орнатып беруді сұрап жүр. Алайда құлақ асқан жан болмаған.

Айзере отбасындағы төрт баланың үшіншісі болған. Екі әпкесі мен інісі бар екен. Тірі болғанда үш аптадан соң 8 жасқа толар еді. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жүк көлігі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан жеті жасар қызды қағып кеткені, оқиға салдарынан бүлдіршін жан тапсырғаны хабарланды.

Әлеуметтік желіде оқиға орнынан қорқынышты кадрлар пайда болды.

Renault жүк көлігінің жүргізушісі Бұрындай көшесімен батыс бағытта келе жатып, Новая көшесімен қиылыста жаяу жүргіншілер өткелі бойымен жолдан өтіп бара жатқан жеті жасар қызды қағып кеткен.

Адам өліміне әкеп соққан жол апаты бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!