Алматыда жүгіруге қолайлы 10 мекен

Алматыда жүгіруге қолайлы 10 мекен

"Алматы Марафон" жарысына екі айдан аз уақыт қалды. Бұл спорт түрімен шұғылданып жүрген оңтүстік астана тұрғындары дайындығын бастап кеткен. Бірақ әзірлікті енді де бастағалы жүргендер бар. Massaget.kz тілшісі жүгіруге қолайлы 10 жерге барып, танысып шықты. 

Стадиондар

Орталық стадион

Стадионға кіру құны - 500 теңге. Ал сенбі мен жексенбіде барсаңыз, 700 теңге төлеуіңіз керек. Мұнда қарқынмен жүгіру, фартлек, арнайы жүгіру жаттығуларын жасауға болады. Стадионда жүгірудің ұтымды тұсы - жоғары я төмен көтерілмейсіз. Халықаралық стандартқа сайт жолақтары өлшенген, сондықтан қарқынды жаттығуларға таптырмас жер.

Ал аз ғана минустарының бірі деп стадионда жүгірудің ішпыстырарлық екенін айтып өтуге болады. Алайда, мұнда досыңызбен келуге немесе құлаққаппен ән тыңдасаңыз әбден болады. Стадионда киім ауыстыру бөлмесі мен душ бар. Бірақ стадионға кірерде су ала кіріңіз. Себебі іште су сататын дүкен жоқ.

ҚазҰУ стадионы

Стадион тегін екенін бірден айтып алайық. Иә, кейде оқу орнының әкімшілігі стадионды жауып қояды. Бірақ көп жағдайда жүгіремін деушілерге есігі айқара ашық. Мұнда да Орталық стадиондағыдай, арнайы жүгіру жаттығуларына ден қоя аласыз. Жүгіру жолақтары бөлінбеген, бедері - тасжол.

"Динамо" стадионы

Біздің пайымдауымызша, бұл стадион жеңіл атлетикаға ең қолайлы мекен. Кіру құны - 500 теңге. Жолақтары жаңа әрі өте қолайлы.

Қаланың қақ ортасында орналасса да, мұнда айналадағы көліктердің шуы мен зиян газынан қорғайтын қоршаулары бар. Іште сусын да, спорттық тағамдар да сатылады. 

"АДК" спорт кешені

Бұл стадионды да қолайлы деп айтуға болады. Кіру құны - 700 теңге. Қарқынмен жүгіруге, арнайы жүгіру жаттығуларына ыңғайлы. Стадион ішінде сусын сатылады.

Баум тоғайы

Бұл мекен қаланың төменгі бөлігінде, Рысқұлов даңғылынан басталып, төменге қарай жүретін ауданды алып жатыр. Негізі 1894 жылы қаланған мемлекеттік табиғи саябақ. Аумағы 130 га болатын саябақта жүгірсеңіз, таң-тамаша етер пейзажына назар аудармай өте алмайсыз. Баққа Мәскеу, Пенза, Ялта, Ташкент қалаларынан алуан түрлі жеміс ағаштары мен жалпақ және қылқан жапырақты ағаштарының көшеттері әкелініп отырғызылған. 

Оң тұсы деп таза ауасын айта аламыз. Ал жүгіру жаттығуларын үдеткіңіз келсе, жоғары я төмен жүгіріп, шыныға аласыз. Мысалы бақта бір айналым жасасаңыз, 6 шақырымнан асып жығылады. Сонда шамамен 85 метр биікке өрлейсіз. Жүгіруді жаңа бастап жатқандарға мұнда қарқынмен жүгіруге кеңес бере алмаймыз. Себебі өрлегенде пульс жоғарылап кетуі мүмкін де, ал құлдилағанда тізеге салмақ түсуі мүмкін.

Бас ботаникалық бақ

Бұл мекенде өте әдемі пейзажға куә боласыз, көз тоймайтын табиғат сұлулығын тамашалау үшін 915 теңге төлеуіңіз керек. Ал мектеп оқушылары 465 теңгемен кіре алады. 7 жасқа дейінгі балаларға тегін.

Мұнда бір айналым жасасаңыз, шамамен 3 шақырым болады. Мұнда да жоғары я төмен жүгіресіз. Сондықтан, еркін, әдеттегі жылдамдығыңыздан асырмай жүгіргеніңіз жөн. Ал бір айналымда шамамен 40 метр өрлейсіз.

103 га аумақты алып жатқан мекенде әлемнің көптеген елінен түрлі өсімдік жеткізіліп, отырғызылған. Жолы да жүгіруге қолайлы әрі тегіс. Тіпті күннің ыстығында да жүгіремін десеңіз, бұл мекен әдеттегідей салқын, көлеңке болып тұрады.

Сайран жағалауы

Қаланың қайнаған тіршілігінің қақ ортасында әдемі су қоймасы жатыр. Оның айналасымен жүгірсеңіз, Төле би көшесіне шықпауға кеңес береміз. Әдетте жүгіретіндер мұнда жол бойында көлік түтініне тұншықпау үшін көлдің ішкі жағалауымен жүруге тырысады. Көл айналасында селфилетіп, көңіл-күй көтеріп, әдемі пейзажда жүгіру ғанибетін сезінгіңіз келсе, осы мекенге келіп тұрыңыз.

Бірақ мұнда да жоғары я төмен жүгіретініңізді естен шығармаңыз. (Алматыда тегіс жер жоқтың қасы). Сондықтан мұнда арнайы жүгіру жаттығуларын, қарқындатып жүгіру қолайсыздау. Бірақ "Алматы Марафон" мұнда "Герои локации" жарысын бекер өткізген жоқ. Сондықтан, мұндағы жүгіруіңізді нағыз паркран деп атауға болады. Айтпақшы, бір айналым (ішкі айналыммен) 3,5 шақырым болады. Ал егер көлік жүретін жолға шықпасаңыз, қашықтық шамамен 300 метрге азаяды.

Атакент

Биік және төмен жүгіресіз, жолы бірыңғай тегіс емес, адам көп, үлкен айналым жасасаңыз тіпті көлік паркингін жанай өтесіз. Иә, осындай минусы көп болса да, жүгіретіндер комьюнитиі бұл жерді қатты жақсы көреді.

Жоғарыда айтылған "Герои локации" жарысы да мұнда бекер өткізілген жоқ. Нағыз демалатын (жоғары жағында ауа тап-таза), жүгіруден кейін ауа райы мұрсат берсе, отбасымен немесе достармен көңілді пикник жасауға таптырмас жер.

Махатма Ганди саябағы

Бұл саябақтың ең ұтымды тұсы - жоғары көп өрлемейсіз. Саябақтың айналасымен жүгірсеңіз, бір айналымы шамамен 1,3 шақырымға жетеді. Ішкі бөлігінде өтіп тұратын жаттығулар мен Longrun-дарға тап түсемін десеңіз, сенбі мен жексенбіде таң атысымен келуге тырысыңыз.

Минусы деп қаланың қақ ортасында орналасқан соң, айналасында өтіп жатқан көліктердің газын айтсақ болар, онда да егер ерте жүгірсеңіз, ауасы айтарлықтай таза дей аламыз.

Терренкур

Бұл мекенде ылғи жүгіретіндерді романтик деуге болады. Себебі мұндай әсем жерде жүгіру жанға ләззат сыйлайды. Ал күннің қай уағында жүгірсеңіз де, көлеңке түсіп тұрады, дәл жаныңда ағып жатқан судың шуы табиғаттың ортасында екеніңді сездіріп, әсем күйге бөлейді. Бірақ мұнда да жоғары өрлеуіңіз керек.

Біз атап өткен мекендердің ішінде көтерілетін жолы ең биік жер осы дей аламыз. Өйткені өзен бойымен өрлеп, шамамен 200 метрдей биікке шығасыз. 

Саябақ 1974 жылы салынып, бүгінге дейін жеңіл атлетикамен айналысатындардың сүйікті мекені болып келеді. 

Тұңғыш президент саябағы

Қаланың көрікті жерлерінің бірі - Тұңғыш президент саябағы. Мұндағы бір айналым 3,7 шақырымға тең. Жолдың жартысын жоғары өрлейтініңізді ұмытпаңыз. Бір айналымның өзінде шамамен 60 метр биікке шығасыз. 73 га аумақты алып жатқан саябақ құрылысы 2001 жылы басталған. 

Медеудегі бөгет

Қалалықтардың сүйікті жүгіру мекені деп Медеудегі селден қорғау бөгетін айтуға болады. Тегіс жерге шығу үшін не серпантинмен, не атақты баспалдақпен көтерілуіңіз керек. Шаршап қаламын деп қорықсаңыз, экотаксиге 500 теңге төлеп, бөгетке шығып алсаңыз болады.

Бұл бөгеттің биіктігі 150 метр. Теңіз деңгейінен 1750 метр биікте жатқандықтан, мұнда жүгіру жаттығуларын жасау пайдалы. Әрине, тау ішіндегі табиғат сұлулығына көз тоймай, көңіл көтеріп қайтасыз.

"Алматы Арена" маңы

Бұл мұз сарайының маңында жүгіруге қолайлы жер бар. Айналым жасау үшін Рысқұловқа дейін көтеріліп, кейін оралуыңыз керек. Бір айналым қашықтығы - шамамен 4 шақырым. Бірақ қала шуынан және түтін иісінен құтылғыңыз келсе, бұл мекен де сізге таптырмас жүгіру алаңы болады.

Қала шетінде орналасқандықтан, мұнда көп қалалық келе бермейді, бірақ демалыс күндері longrun өткізуге әбден болады.  

А. Құлтай